Трамп саясатының инфляцияға әсері, «Қаңтар эффектісі» қандай құбылыс?
Уолл-стритте қаңтар айындағы көрсеткіштерге болжам жасау жалғасып жатыр. Бен Бернанке Трамптың экономикалық саясаты инфляцияны өсірмейтініне сенімді. Сарапшылар кванттық технологиялар саласындағы әлеуетті бес акцияны атады. 5 қаңтардағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
Трамп саясаты инфляцияға қалай әсер етеді?
Дональд Трамптың экономикалық саясаты АҚШ-та бағаның өсу қарқынына түбегейлі өзгерістер әкелмейді. Мұндай пікірді Мұндай пікірді ФРЖ-ның бұрынғы төрағасы Бен Бернанке айтты. Ол иммиграциялық саясаттағы жоспарларды «баяу әрі белгісіз процесс» деп атады. Тиісінше, оның экономикаға айтарлықтай ықпал етпейтінін айтты. Бұл саладағы шектеулер импорттық баж салығымен бірге құрылыс пен ауыл шаруашылығы сияқты кейбір салаларда қиындықтар тудыруы мүмкін.
Импорттық тарифтердің әсерін болжау қиын. Себебі Трамп мұны Қытаймен сауда келіссөздерінде пайдалана ма, әлде ұзақ мерзімді қатаң саясат жүргізе ме, белгісіз. Бернанкенің айтуынша, импорттық баждар инфляцияны көтеріп қана қоймай, АҚШ ішіндегі өндірісті азайтуы ықтимал. Сондықтан бұл инфляция траекториясын түбегейлі өзгерте алмайды.
Гарвард экономисі Джейсон Фурман да Трамптың саясаты инфляцияға 0,3-0,4% деңгейінде ғана әсер етеді деп есептейді. Алайда дәл осындай аз ғана өсімнің өзі ФРЖ-ның мөлшерлемеге қатысты шешімдеріне ықпал етуі мүмкін.
«Қаңтар эффектісі» қандай құбылыс?
Bloomberg «қаңтар эффектісі» деп аталатын нарықтық құбылысты зерттеу үстінде. Бұл құбылысты алғаш рет 1940 жылдары инвестициялық банкир Сидней Вахтель анықтаған. Ол екі онжылдық деректерді пайдаланып, қаңтарда шағын компаниялардың акциясы күтпеген жерден өсетінін байқаған.
Кейінгі зерттеулер 1940-1970 жылдар аралығында small-cap секторында қаңтар айында басқа айларға қарағанда жоғары өсім тіркелгенін растады. Бұл инвесторларға да байланысты. Жаңа жылдың басында жеке инвесторлар алдыңғы кезеңнен түскен пайдасын, жылдық сыйақыларын акцияларға қайта инвестициялайды.
Алайда 2000 жылдары бұл үрдіс әлсіреді. Аталған жағдай биржалық қорлардың өсуімен, сондай-ақ инвесторлардың Microsoft, Intel, Cisco және Dell акцияларын белсенді сатып алуымен сәйкес келді. Сондықтан акцияларды таңдауда «қаңтар эффектісіне» сүйену сенімді стратегияға жатпайды.
Кванттық компаниялардың әлеуетті бес акциясы
Жасанды интеллект саласындағы бәсеке есептеу қуатына деген сұранысты арттырды. Кванттық есептеулер саласындағы компаниялар бұл сұранысты қанағаттандыра алады. Сарапшылар 2025 жылы кванттық компаниялардың бес акциясына үміт артып отыр.
Біріншісі – Quantum Computing. Оның акциялары 2024 жылы 2000%-ға жуық өсті. Компанияның табысы осы тоқсанда 167%-ға, жыл соңында 40%-ға және келесі жылы 200%-ға артады деп болжанып отыр.
Екінші компания – D-Wave Quantum Systems. Оның акциялары былтыр 1000%-дан аса қымбаттады.
Кванттық есептеу жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз етуді өндіретін IonQ компаниясы 2024 жылы 250%-ға өсті. Сарапшылар оның болашағына оптимистік көзқараспен қарап отыр.
2024 жылғы табысты компаниялардың бірі – Rigetti Computing. Оның акциялары кейінгі жылы 1900%-ға жуық қымбаттады. Компания кванттық интегралды схемаларды әзірлейді. Бұл – кванттық компьютерлердің негізгі компоненті.
Сарапшылар бұл қатарға Alphabet-ті де қосып отыр. Оның Willow кванттық чипі жетістіктерге жол ашуы мүмкін.