“Ресеймен соғысуға болмайды, түсін деді”. Зеленский көлемді сұхбатында не айтты
Украина президенті Владимир Зеленский америкалық подкастер Лекс Фридманға үш сағаттық сұхбат берді. Әңгіме барысында Зеленский Украина НАТО-ға мүшелікке өту үшін территориясының бір бөлігін құрбан етуге дайын ба, бейбітшілікке жету жолдары қандай деген сұрақтарға жауап беріп, алғаш рет соғыс басталған кезде Александр Лукашенко өзінен кешірім сұрағаны жайлы айтты.
Тіл мәселесі
Сұхбат бірнеше тілде жүрді. Орысша таза сөйлейтін Лекс Фридман Зеленскиймен әңгімені орысша өрбітуге тырысты. Алайда Зеленский орысша азырақ жауап беріп, негізінен украинша, кейде ағылшынша сөйлеп отырды. Лекс Фридман Зеленскийдің бұл таңдауын соғыс басталғалы украин тілі украин халқы үшін еркіндік пен тәуелсіздік жолындағы күрес символына айналғанымен түсіндірді.
Лукашенконың кешірім сұрауы
Зеленский сұхбат барысында соғыстың алғашқы күндерін еске алып, алғаш рет Лукашенкомен болған әңгіме туралы айтып берді.
– Мен Лукашенкомен телефон арқылы сөйлестім, ол кешірім сұрап: «Бұл мен емес» деді. Оның территориясынан зымырандар атылды, оны Путин істеді. Ол маған: «Сен маған сен, бұл мен емес, мен мұны бақыламаймын» деді. Мен оған: «Сен де кісі өлтірушісі» деп айттым, ал ол: «Ресеймен соғысуға болмайды, түсін» деді, – деп еске алады Зеленский.
Сондай-ақ Зеленский Лукашенко Ресейдің күшін тежеу үшін Беларусьтегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасауға ұсыныс жасағанын жеткізді.
– Ол (Лукашенко) «жақсы, олай болса,мұнай өңдеу зауытына шабуыл жаса, оның мен үшін қаншалықты маңызды екенін білесің ғой» деді. Ол Мозырь зауыты туралы айтқан еді. Мен оған: «Сен не айтып тұрсың» деп айттым. Бұл соғыстың екінші немесе үшінші күні болатын», – деді Зеленский.
Аталған зауыт Ресей әскеріне жанармай жеткізетін негізгі кәсіпорындардың бірі. Зеленский бастапқыда зауытқа шабуылдауды үзілді-кесілді қолдамаған. Алайда Мозырь мұнай өңдеу зауыты 2024 жылдың 15 шілдесінде ресми түрде дауыл салдарынан жұмысын тоқтатты деп хабарланды. Бірақ украиналық БАҚ-тың мәліметінше, бұған дрондар шабуылы себеп болған.
НАТО-ға мүшелік және бітімгерлік келіссөздер
Фридман Зеленскийден НАТО-ға мүше болу үшін Ресей аннекциялаған, оккупациялаған аймақтар – Қырымнан, Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарынан бас таруға дайын ба деп сұрады. Зеленский мұндай сценарий тек Украина соғысты дипломатиялық жолмен аяқтаудың мүмкіндігін көргенде ғана жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.
Фридман Зеленскийден Дональд Трамп пен Владимир Путиннің қатысуымен соғысты тоқтату туралы келіссөздер өткізу жайлы пікірін сұрады. Бұған жауап ретінде Зеленский 2019 жылғы келіссөздерді еске алып, онда да атысты тоқтату туралы келісім болғанын, бірақ Ресей оны тез бұзғанын еске алды.
– Бір айдан кейін олар бізді өлтіре бастады. Мен оған қоңырау шалып, «біз ceasefire» (атысты толық тоқтату) туралы келістік қой. Бұл жай қағаз емес, бұл маңызды құжат. Меркель, Макрон, сен және мен келістік, бұл маңызды” дедім, – деп айтты Зеленский.
Оның сөзінше, бірнеше айдан кейін ресейліктер байланысқа шығуды тоқтатқан.
– Бізбен байланыс үзілді. Мен Норманд форматында тағы бір кездесу өткізгім келді. Бірақ ресейліктер бас тартты. Біз бұл мәселені Еуропаның әртүрлі елдері арқылы шешуге тырыстық, бірақ бәрібір ресейліктер келіспеді, – деді Зеленский
Нордман форматы
2019 жылы Владимир Зеленский мен Владимир Путин алғаш рет 9 желтоқсанда Парижде өткен «Норманд форматы» саммитінде кездескен. Бұл кездесу Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германияның сол кездегі канцлері Ангела Меркельдің делдалдығымен өтті. Саммиттің негізгі тақырыбы Украина шығысындағы жағдайды реттеу және Донбасстағы қарулы қақтығысты тоқтатуға арналды. Алайда кездесу Донбасстағы жағдайды түбегейлі шешуге жеткіліксіз болды, тараптар тек тұтқындарды алмастыруға, кейбір қару-жарақтарды шығаруға қол жеткізді. Дегенмен, атысты толық тоқтату мәселесі шешілмей, қақтығыс жалғаса берді.