Қызылордаға барған Думан Мұхамедкәрімнің әкесі ұлымен кездесе алмады
7 жылға сотталып, жуырда этаппен Қызылордаға жіберілген журналист Думан Мұхаммедкәріммен кездесуге барған әкесі ұлын көре алмады. Ала барған үйдің дәмі – сәлем-сауқатын да кіргіздірмеді. Бұл туралы KursivMedia тілшісімен сөйлескен Думанның әкесі, Алмас Тілеповтың өзі айтып берді.
Оның сөзінше, түрме басшылығы ішкі тәртіпті бұзды деген себеппен Думанға шектеу шарасын енгізген. Мұны мекемеге барғанда бір-ақ білген. Ондай шараға Думанның түрме киімін киюден, әжетхананың жуудан бас тартуы себеп болғанын айтқан. Сол үшін Думанды жалғызадамдық камерада ұстап, сыртқы әлемнен оқшаулаған. Жақындарымен кездестірмейді, сәлемдеме кіргізуге де рұхсат жоқ. Тек телефонмен тілдесуге мүмкіндік берілген.
Заңға бағынбады дейді, заңға бағыну үшін заңды басынан бұзбау керек. Күні кеше президент заң бәріне ортақ деп айтты ғой. Бірақ Думанға келгенде заң жұмыс істемей тұр. Әйтпесе оны тұрғылықты мекенжайы бойынша Алматы облысы түрмелерінің біріне жабу керек еді. Олардың сөз сыңайына қарағанда тәртіп бұзды деп әрбір оқиғаны қаттап Думанды Арқалыққа жібергілері келіп отырған сияқты, – дейді Алмас Тілепов.
Думан әкесіне телефон арқылы сөйлескенінде бүйрегі, бел омыртқа тұсы мен басы ауыратынын жеткізген. Мекеме дәрігерлері тек 9 қаңтарда тексеретінін айтқан. Мұны ұлына жасалып отырған психологиялық қысым деп санайды.
Алмас Тілепов жақын жерден Думанға кіріп, жағдайын біліп тұру үшін қызылордалық адвокатпен келіскен. Бүгін өзі ұлының жүзін көре алмаған күйде Алматыға қайтатынын айтты.
«Дауысын есігеніме де риза болдым» дейді қарт әке.
Думан Мұхаммедкәрім экстремизмді қаржыландырды, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты деген айыппен 7 жылға сотталған. Ne Deidi YouTube-арнасының авторы. Қаңтар оқиғасынан кейін билікті қатаң сынап жүрді. Журналист жақтастары оның сотталуына дәл осы саяси белсенділігі себеп деп санайды.