Ресей Донецк маңындағы Курахово қаласын толық басып алғанын хабарлады
Ресей Қорғаныс министрлігі Telegram желісінде Украинаның Донецк облысындағы Курахово қаласы Ресей әскерінің бақылауына өткенін мәлімдеді.
Ресей тарапының дерегінше, қаланы басып алу операциясы кезінде Украина қарулы күштері 12 000-нан астам әскери қызметкерінен айырылып, 40 танк пен басқа да брондалған техника, жалпы жиыны 3 000-ға жуық қару-жарақ және әскери техника жоғалтқан.
«Кураховода екі айға созылған ұрыстарда Украина қарулы күштерінің күнделікті шығыны шамамен 150-180 өлген және жараланған әскери қызметкерді құрады», – делінген РФ Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.
Кураховоны басып алу операциясында Ресей жағының шығындары туралы мәлімет жарияланбады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Курахово Украина қарулы күштері үшін Донецк бағыты бойынша тылдық және техникалық қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды логистикалық түйін болған.
Украинаның жауабы бөлек
Украина қарулы күштері бас штабының Курахово бағыты бойынша ұрыстар туралы мәлімдемесінде қаланы басып алғаны айтылмайды.
6 қаңтарда жарияланған мәлімдемеде Курахово бағыты бойынша түнде 27 шабуыл тойтарылғаны жазылған.
“Украинаның қорғаныс күштері Ресей әскеріне жеке құрам мен техника жағынан елеулі шығын келтіріп, қарсыластың тылдағы шабуылдау әлеуетін белсенді түрде әлсіретуде», – делінген Украина Бас штабының мәлімдемесінде.
Мәліметтерге сәйкес, соңғы тәулікте Ресей Федерациясының Украинадағы шығындары 1550 адамды құраған. Сонымен қатар, украин әскерлері 14 танк, 45 бронды көлік, 62 артиллериялық жүйе, бір реактивті жүйе, екі әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралы, бір ауыр жалынатқыш жүйе, 178 тактикалық деңгейдегі дрон, 116 автокөлік және арнайы техниканың төрт бірлігін жойғанын хабарлады.
Соғыс жағдайында қос тараптың да мәліметтерін тексеру қиын.