Манхэттенге кіру 9 доллар: Нью-Йоркте кептелісті шешудің тың тәсілі енгізілді

Жарияланды

Жексенбі күні Нью-Йорктің орталығы Манхэттенге кіру үшін жаңа төлем енгізілді. Енді жүргізушілер Нью-Йорктің ең қарбалас бөлігіне кіру үшін 9 доллар төлеуі қажет, деп хабарлады Associated Press.

«Кептеліс аймағына кіру ақысы» деп аталатын бұл жаңа төлем тығыз қоныстанған қаладағы көлік кептелісін азайтуға және қоғамдық көлік жүйесінің тозған инфрақұрылымын жөндеуге қаражат жинауға бағытталған.

Жеңіл автокөлік жүргізушілері үшін Манхэттенге кіру жұмыс күндері таңғы 5-тен кешкі 9-ға дейін және демалыс күндері таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін кіру 9 долларды құрайды. Жұмыс уақытынан тыс шақта көпшілік көліктер үшін кіру ақысы 2,25 доллар болады.
Транзиттік қызмет өкілдері елдегі мұндай бірінші жүйе белгілі бір түзетулерді қажет етуі мүмкін екенін және оның алғашқы нақты сынағы жұмыс аптасы басталғанда болатынын ескертті.

«Бұл – күрделілігі жағынан бұрын-соңды сынақтан өтпеген төлем жүйесі. Нью-Йорк тұрғындары әдеттерін бірден өзгертеді деп күтпейміз. Бұл жүйеге бәріне бейімделу керек болады», – деді Метрополитен көлік басқармасының (Metropolitan Transportation Authority) төрағасы және бас директоры Янно Либер.

Мотоцикл жүргізушілері, жүк көліктерінің жүргізушілері және бірлескен тасымал қолданушылары үшін төлем мөлшері әртүрлі. Төлем Манхэттеннің оңтүстік бөлігінде орнатылған 100-ден астам электронды төлем жүйелері арқылы алынады.

Бұл төлем қалаға жету үшін әртүрлі көпірлер мен туннельдер арқылы өтуге жүргізушілер төлейтін төлемдерге қосылады. Дегенмен, Манхэттенге белгілі туннельдер арқылы кіру үшін төлем жасағандар үшін 3 долларға дейін жеңілдік беріледі.

Қарашада сайланған президент Дональд Трамп қызметіне кіріскеннен кейін бағдарламаны тоқтатуға уәде берген. Бірақ оның уәдесін қаншалықты орындайтыны белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз