Қазақстанда тұрғын үй арзандап, ипотека талаптары жеңілдей ме?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Сарапшылар 2025 жылы тұрғын үй бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін деген болжам жасайды. Өйткені тұрғын үй нарығында мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор болып тұр. Үкімет «7-20-25», «Наурыз», Отау» сынды мембағдарламалар арқылы баспана нарығына қаржы құйып отыр. Kn.kz порталына пікір берген сарапшылар осылай деп тұжырымдайды.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың пікірінше, биыл тұрғын үй немесе жалға алу нарығын түбегейлі өзгертетін күрделі өзгеріс болмайды. Бірақ сарапшының айтуынша, құрылыс компаниялары мен девелоперлер сататын пәтерлерге қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастау сияқты ұсыныстар талқыланып жатыр. Бұл тұрғын үй нарығына оң әсерін тигізуі мүмкін.

«Түрңын үй саласындағы мемлекеттік саясат кейінгі 8 жылда нарық динамикасында маңызды рөл ойнайды. Егер мемлекет тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруды арттырып, зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігін сақтаса, бағаның өсуі жалғасуы мүмкін, – дейді Рамазан Досов. – 2025 жылы нарықтық ипотека бағдарламаларының шарттары жақсаруы ықтимал. Базалық мөлшерлеме 14,25%-дан 13%-ға төмендейді деп болжанып отыр. Бұл нарықтық ипотека үлесінің артуына ықпал етеді, бірақ оның жалпы ипотека көлеміндегі үлесі 50%-дан аспайды».

Нарыққа не әсер етеді?

Сарапашылардың болжамы бойынша, нарыққа әсер етуі мүмкін шаралар:

  • Бірнеше пәтері немесе элиталық үйі бар адамдарға салынатын салықтың көбеюі;
  • Тұрғын үйді жалға беру нарығын реттеу және бос тұрған жылжымайтын мүлікті пайдалану;
  • Ірі қалалардан басқа аймақтары құрылысты ынталандыру;
  • Өңірлерде жұмыс орындарын ашу және өмір сүру жағдайларын жақсарту;
  • Білім беру деңгейін көтеру және инфрақұрылымды дамыту.

«Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді ұлттық стратегия қажет. Әйтпесе, ауылдан ірі қалаларға көші-қон жалғаса береді. Бұл Алматы, Астана және Шымкентте тұрғын үй мен жалға алу бағасының бүкіл елмен салыстырғанда жылдам өсуіне әкеп соғады», – деп түйіндеді Рамазан Досов.

Жылжымайтын мүлікті арзанға сатпайды

Қазақстан Риэлторлар қауымдастығының вице-президенті және «Grand Estate Company» агенттігінің басшысы Елена Грива жылжымайтын мүлік бағасы көбіне халықтың табысы мен тұрғын үй бағдарламаларына байланысты екенін айтады.

«Бағаны болжау қиын. Мысалы, елге көп эмигранттар келсе, тұрғын үйге сұраныс өседі. Шетелдіктер Қазақстанда меншік сатып ала алмаса да, олар пәтер жалдайды. Эмигранттар мен релоканттар санының артуы жалға алу бағасын көтеруі мүмкін. Бірақ жылжымайтын мүлікті сатып алу көлемі айтарлықтай өспейді, өйткені шетел азаматтарына меншік сатып алу үшін тұрақты тұруға рұқсат алу қажет», – дейді Елена Грива.

Сарапшы 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанындағы көші-қон көрсеткіштерін тексеріп, Қытай мен Моңғолиядан Қазақстанға көп қандас көшіп келгенін атап өтті. Олардың жартысы Алматы мен Астанада қоныстанған. Егер көші-қон арта түссе, бағалар көтеріледі.

«Қазіргі кезде ипотека талаптары өте қатал. Егер мемлекет жаңа тұрғын үй бағдарламасын енгізсе, бағалар бірден көтеріледі. Бағаны құрылысшылар мен тұрғын үй иелері де көтере алады, бірақ бұл жағдайда сатып алу-сату мәмілелері азаяды, – деп қорытындылады сарапшы.

2024 жылдың 11 айында жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелері 383 мыңға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артық.

Сондай-ақ оқыңыз