Автокөлік пен тұрмыстық техника, жүк вагоны мен алюминий пакет шығарады: 2025 жылы қандай зауыттар ашылады?
2025 жылы Қазақстанда 190 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында қос автокөлік зауыты, тұмыстық техника, жүк вагоны мен алюминий пакет шығаратын кәсіпорын бар. Биыл 20 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлайды. Биыл көлік құралдарын шығару, тұрмыстық техника өндірісі және металлургия салаларындағы жобаларға басымдық берілмек.
Автокөлік шығаратын қос зауыт
190 инвестициялық жобаның қатарына «Астана-Моторс» компаниясының жеңіл автокөлік шығаратын зауыты енген. Алматыда салынып жатқан зауыт биыл іске қосылып, жылына 90 мың автокөлік шығару жоспарланған. Жаңадан 2,2 мың жұмыс орны ашылуы тиіс.
Бұған дейін зауыт қытайлық бірнеше брендпен көлік шығаратыны хабарланған.
«Жеңіл автокөліктердің бірнеше бренді бойынша өндіріс жүргізілуі экспорттық мүмкіндіктерді арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға үлкен серпін береді», – делінген министрлік хабарламасында.
«Астана Моторс» компаниясының мажоритар акционері – кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.
Сонымен қатар Қостанай облысында «KIA Qazaqstan» зауыты іске қосылмақ. Бұл зауыт жылына 70 мың KIA автокөлігін шығарып, жаңадан 1500 жұмыс орны ашылады.
Алматыдағы тұрмыстық техник зауыты
Бір қызығы, министрлік осыдан 4 жыл бұрын ашылған «Алматы тұрмыстық техника заводын» биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар қатарына қосып қойыпты. Ашық дерекөздерде зауыт 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны жазылған. Бұл зауыт жылына 750 мың тұрмыстық техника шығарады.
«Қазақстанның тұрмыстық техника өндіру саласындағы жаңа жобалардың бірі – «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY». Алматы облысында тұрмыстық техника өндіретін зауыт салынады, оның жылдық өндіріс көлемі 750 000 бірлік болады деп жоспарлануда. Бұл жоба да 1 200 жаңа жұмыс орнын ашып, Қазақстанда тұрмыстық техника өндірісінің үлесін арттырады. Өндірістік қуаттың артуы елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге және экспортқа шығару мүмкіндіктерін көбейтуге мүмкіндік береді»- делінген хабарламада,
Зауыттың қос құрылтайшысы бар. Олар: Сойырқас Абдулқасым мен Сойырқас Айсұлу.
Аймақтағы жобалар
Сонымен қатар, Шымкент қаласында «QazAlPack» жобасы аясында алюминий пакеттерін өндіру зауытының өндіріс қуаты жаңғыртылмақ. Бұл жоба аясында 112 жұмыс орны ашылады.
Ал Атырау облысында «ТексолТранс» жүк вагондарын шығаратын зауыт салынады. Жоба жүзеге асқан жағдайда 180 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, «Казполиграф» жобасы Абай облысында сұйық өнімдерге арналған картон қаптамаларын шығармақ.
Инвестициялық жобалардың басым бөлігі бөлігі Түркістан облысы мен Алматы қаласында жүзеге асырылып жатыр. Түркістан облысында 15 жоба, ал Алматы қаласында 14 жоба іске қосылады. 2025 жылы жоспарланған инвестициялардың 12, млрд теңгесі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталады.