Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қызметінен босап, президент әкімшілігіне келді
Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі қызметінен босап, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Айта кетейік, Дархан Сатыбалды Түркістан өңіріне 2022 жылдың тамызында басшы болып келген болатын. Оған дейін Қазақстанның Өзбекстандағы өкілетті елшісі болған.
Бір қызығы, Сатыбалды тағайындалған бұл лауазым 2023 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жойылған болатын. Ол кезде президент әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарып, басқару құрылымының өзгеруіне байланысты президент әкімшілігі басшысының 6 орынбасары лауазымынан босаған еді.
Президент әкімшілігінің қазіргі құрылымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай. Яғни Сатыбалды Айбек Дәдебайдың орынбасары болады. Жалпы, қазіргі президент әкімшілігінің құрылымымен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.