Сот үкімі өзгеріссіз қалды. Гүлмира Сатыбалды 12 жыл түрмеде отырады
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалды 12 жыл бойы түрмеде отырады. Сот оның аппеляциялық шағымын қанағаттандырмаған. Бұл туралы Орда басылымы хабарлады. Бұл ақпаратты KursivMedia редакциясына Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі растады.
Басылым хабарлауынша, кеше, 5 қаңтарда сот Сатыбалдының аппелляциялық шағымын қараған. Онлайн өткен отырыста апелляциялық сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Еске сала кетсек, алдыңғы сот үкімі 2024 жылдың тамызында шыққан болатын. Сатыбалды Заңсыз бас бостандығынан айыру, бопсалау, озбырлық көрсету баптары бойынша жауапқа тартылды. Прокурор келтірген мәліметтерге сәйкес, сотталушы өзінің серіктесі Мәди Батыршаевпен бірге Сатыбалдының күйеубаласы әрі бизнес-серіктесі Абай Жүнісовті 165 күн қамауда ұстап, бопсалап, қомақты қаражатын заңсыз меншіктеген.