«Сібір күйдіргісімен» ауырған мал көмілген маңнан пайдалы қазба өндірген кәсіпкерден жер учаскелері қайтарылды – АШМ

Жарияланды
Сібір күйдіргісі
«Сібір күйдігісімен» ауырған мал көмілген жерге жақын маңнан пайдалы қазба іздеген кәсіпкерден жер учаскелері қайтарылды / Фото: gov.kz

Ауыл шаруашалығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Жетісу облысында орналасқан «Сібір күйдіргісімен» ауырған мал көмілген маңдағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жетісу облысының табиғатты қорғау прокуратурасы Сарқан ауданында «Сібір күйдіргісімен» ауырған мал көмілген жақын маңда кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысып келген жер пайдаланушысының үстінен талап арыз түсірген.

Өзінің талабында прокуратура жалпы ауданы 14,6 гектар болатын жер учаскесін жалға алу туралы келісімді жарамсыз деп тануды, қазба жұмыстарын жүргізіп, топырақ қабатын бұзғаны үшін сол маңда рекультивация жұмыстарын жүргізуді міндеттеуді сұраған. Бұдан бөлек құзыретті орган жер учаскелерін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді пайдалану құқығын тіркеуді жоюды да талап еткен. Сот прокуратура талабын қанағаттандырған.

«2024 жылғы 18 желтоқсанда Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты №3313-24-00-2/1639 шешімімен талап арызды толық қанағаттандырды. Жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік осыдан 1 жыл бұрын Жетісу облысының табиғатты қорғау прокурорлары Жетісу облысында «Сібір күйдіргісі» ауруымен ауырған мал жерленген 33 орынның оқшауланбай келгенін анықтаған болатын. Өңір ветеринарлары аса қауіпті аурумен ауырған малдардың жерленген жеріне дұрыс қадағалау жүргізбегені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз