Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды

Жарияланды
Нұралхан Көшеров бұған дейін облыс әкімінің орынбасыр болған / Фото: gov.kz; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Нұралхан Көшеров Түркістан облысына әкім болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұралхан Оралбайұлы Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.

Кеше, 5 қаңтар күні Түркістан облыстық мәслихаты өтіп, депутатттар жаңа әкімді сайлауы керек болған. Алайда бұл жиын өтпей, әкімді президент тағайындады.

Көшеров бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ол өзінің қызметтік жолын экономист мамандығынан бастаған. Бір жылдары Мәжіліс депутаты болған. Одан кейін Қаржы министрлігінің Салық комитетінде, Астана қаласының Салық департаментінде, Мемлекеттік кірістер департаментінде қызмет еткен. Сонымен бірге 2015 жылдан бастап үш жыл қатарынан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауызымын атқарған. Өз саласы бойынша Батыс өңірлерде басшылық лауазымдар бойынша қызмет еткен. Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып, 2023 жылдың басында келген.

Еске сала кетсек, бүгін 6 қаңтарда өңірді 2,5 жыл бойы басқарған әкім Дархан Сатыбалды қызметінен босап, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Бір қызығы, Сатыбалды тағайындалған бұл лауазым 2023 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жойылған болатын. Ол кезде президент әкімшілігінің төрт бөлімі қысқарып, басқару құрылымының өзгеруіне байланысты президент әкімшілігі басшысының 6 орынбасары лауазымынан босаған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз