Ақмола облысында қандастарға 20 млн теңгенің заңсыз бөлінгені және ұрланғаны анықталды
Ақмола облысына көшіп келген қандастардың тұрғын үй сатып алуға арналған материалдық көмекті заңға қайшы жолмен алғаны, сондай-ақ өзге де жымқыру фактілері анықталып отыр. Залалдың жалпы құны 20 млн теңгеге жуықтаған.
Бұл туралы Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасы мәлімдеді. Құзырлы орган аудандық мансап орталығының қызметіне тексеру жүргізіп, азаматтардың ерікті қоныс аударуын ұйымдастыру заңнамасының бұзылғанын анықтады.
«Аталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы қандастарға қатысты ірі мөлшерде алаяқтық жасау деректері бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы) сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркеді. Іс материалдары одан әрі талқылау үшін Ақмола облысының экономикалық тергеу органдарына жолданды», – делінген хабарламады.
Сонымен бірге, Целиноград ауданының прокуратурасы енгізген қадағалау актісін негізге ала отырып, Ақмола облысының Еңбек мобильдік орталығы мемлекеттен заңсыз алынған қаражатты қайтару туралы сотқа талап-арыздар берген.
«Аталған заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – дейді аудандық прокуратураның баспасөз қызметі.