АҚШ қара нарықта мұнай сатып жүрген ресейлік танкерлерге қарсы жаңа санкция әзірлеп жатыр – Reuters
Байден әкімшілігі Ресей мұнайын тасымалдаушы танкерлерге қарсы шараларды қатаңдатуды көздеп отыр.
Бұл жөнінде Reuters әкімшіліктегі дереккөзге сүйене отырып таратқан.
Бұл танкерлер шикізатты Батыс белгілеген барреліне 60 АҚШ доллары көлеміндегі шекті бағадан жоғары сатып жүр. Мұндай жүздеген кеме бар көрінеді. Сонымен қатар, осы саудаға қатысы бар жеке тұлғаларға да санкция салынады.
Желтоқсан айында мұндай санкцияны Ұлыбритания да салған еді. 2024 жылы 4 млн баррель ресейлік мұнайды тасыған 20 кемеге шектеу қойылды. Олардың дені – Панама, Габон, Гондурас, Джибути, Вьетнам, Палау, Антигуа және Барбуда елдерінің жалауының астында жүзген кемелер.
2024 жылдың соңғы айында Еуроодақ та 50 танкерге санкция салды. Брюссельдің пікірінше, олар шекті бағаны айналып өтіп, Ресейдің энергетика саласына көмек көрсеткен. Мұнымен қоймай, Ресей басып алған Украина жерлерінен астық тасиды.
Айта кететін жайт, үлкен жетілік елдері ресейлік мұнайға шекті баға енгізген. Ресей президенті Владимир Путин бұған қарсы шара қолданып, келісім-шарттарда осы шекті бағаны көрсеткен шетел азаматтары мен компанияларына мұнай сатуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды.
Мұның алдында, АҚШ президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Далип Сингх Ресей мұнайын әлемдік нарыққа шығаруға да, тасымалдауға да шектеу қойылатынын мәлімдеген болатын.