Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Оттавада баспасөз мәслихатын өткізіп, билік партиясы Либералды партияның басшысы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол премьер қызметінен енді партияның жаңа басшысын сайлаған соң кетуі тиіс. Бұл үрдіс бірнеше айға созылуы мүмкін. Трюда Канада үкіметін 9 жыл басқарып келген еді.
Оның айтуынша, отставкаға кетуіне үкіметтегі дағдарыс түрткі болған.
«Егер мен ішкі тартыстарға аралассам, онда канадалықтар үшін жақсы нұсқа бала алмас едім», – деді премьер.
Euronews-дің хабарлауынша, Қаржы министрі Христиан Фриландтың күтпеген отставкасынан кейін, Трюдо көшбасшылық мәселесіне қатысты түйткілге тап келген.
Фриланд – ықпалды министрлердің бірі. АҚШ билігіне қайта келген Дональд Трамптың «канадалық тауарларға қатаң тариф енгізу» туралы қоқан-лоқысына қатысты «не істеу қажет» деген сауалға жауап іздегенде, премьер мен қаржы министрінің пікірлері қарама-қайшы келген.
Сайлаушылардың арасында да Трюдоның беделі түсіп кеткен. Соңғы сауалнама қорытындысына қарағанда, Либералды партияның биылғы сайлауда ұтылып қалар түрі бар. Сұралғандардың 26%-ы ғана оған қолдау көрсетіпті. Ал Консерваторлық партияның көшбасшысы, оппозициялық үміткер Пьер Паульеврдің асығы алшысынан түсіп отыр. Сайлау биыл қараша айында өтуі тиіс.