2025 жылы Лукашенко тағынан таяды деген болжам жасалды
2025 жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко елдегі төңкерістен соң, биліктен қуылуы мүмкін. Ғалымдар, футурологтар мен сарапшылар аяқ астынан болуы ықтимал оқиғалардың болжамына осындай нұсқаны енгізіп отыр. Бұл тізімге биыл әлемде болу мүмкін күтпеген жайттар кірген.
Politico басылымының жазуынша, ғалымдар 2025 жылы бірнеше маңызды оқиға болады деп болжап отыр.
Бұған сенсек, Ресей, АҚШ, Иран және Израиль құпия түрде келіссөз өткізіп, Тегеран мен Тель-Авив арасындағы жанжалды болдырмауға күш салып, Иранның ядролық қаруы мәселесін талқылайды.
Таяу Шығыстағы ахуалдан бөлек, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға қатысты қызық болжам айтылып отыр. Мәселен, АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытайдың басшыы Си Цзиньпинмен одақ құрып, Ресей президенті Владимир Путинмен Украина бойынша келісім жасау үшін қоян-қолтық жұмыс істемек.
Болжам бойынша, биыл АҚШ-та кең көлемде індет тарайды. АҚШ шекарасы өзгеріп, жанжал тууы ықтимал. Нарықтар құлдырап, әлемдік деңгейде дүрбелең болуы да ғажап емес. Мұнымен қоса, тарихта бұрын-соңды болмаған кибершабуыл күтіп тұр.
Көңіл жұбатарлық болжам да бар. Айталық, ғылымда ғаламат жаңалықтар ашылады. Айталық кванттық есептеулерде қарыштап ілгерушілік болмақ.
Мұның алдында 2025 жылғы Қазақстанның экономикасына қатысты сарапшылардың болжамын жария еткен едік.