Талғарда бір топ күдіктілердің қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Үйдің өртенуі бойынша тергеу де аяқталуға жақын. Әлеуметтік желі арқылы Шерзаттың өліміне қатысты қылмыстық істе Қаржаубай отбасының адвокаттары тікелей эфирге шығып, осындай мәлімдеме жасады.
Нұрғанаттың өлімі мен өртенген үйдің арасында байланыс бар ма?
Сайда Тәуекелдің айтуынша, Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты іс тергеу құпиясына жатады. Сондықтан түсініктеме бере алмайды.
Қолданушылардың бірі өртенген үй мен Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімінде байланыстың бары-жоғын сұрады.
«Бұл екі істің арасында ортақ байланыс бар ма, жоқ па, ол жағын тергеу анықтайды. Біз іс материалдарымен танысып жатырмыз. Сот сараптамаларының қорытындысын күтіп жатырмыз. Оны алған соң, тергеу бір тұжырымға келеді. Сонда қандай да бір ақпарат бере аламыз. Қазіргі таңда ақпарат жоқ», – деді адвокат Ерлан Адаев.
Қаржаубай ақша жинап жатқан жоқ
Отбасының адвокаттары Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың елден қаржы жинап жатпағанын айтты. Сондықтан алаяқтардың әрекетінен алданудан сақ болған жөн.
«Ешқандай ақша жинап жатқан жоқ. Шот ашқан жоқ», – дейді адвокат Адаев.
Саида Тәуекелдің айтуынша, қазір адвокаттардың өтініші бойынша Қаржаубай күзетпен жүр. Үйі де күзетіледі. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері күзетіп жүреді.
«Қаржаубай қазір үйінде. Бала-шағасының ортасында. Ешқандай қауіп-қатер жоқ. соттың қай уақытта болатыны, істің қандай баппен қаралып, сараланатыны, баптардың өзгертілуі сотта шешіледі. Бұл соттың және тергеу органының құзіретінде. Күдіктілердің іс-әрекеттерін саралау адвокаттардың емес, прокурордың және тергеудің құзіретінде», – дейді адвокат Адаев.
Тергеу заң аясында өтіп жатыр
Адвокаттардың айтуынша, тергеу қазір заң аясында өтіп жатыр. Прокуратура да істің барысын қадағалап отыр.
«Біздің тарапымыздан да шағым жоқ. Өйткені, қылмыстық істің қатысушы ретінде біз үшін ашық өтіп жатыр. Жалпы алғанда, тергеу объективті өтіп жатыр. Тергеушілер тәжірибелі. Өз жұмыстарын біледі», – дейді адвокат Адаев.
Адвокаттар ұдайы әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып тұруға уәде берді.