EGov.kz операторы Қазақстанның Даму Банкінен не үшін кредит алмақ?
Екібастұзда Деректерді өңдеу орталығы салынады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған құжаттан белгілі болды.
Жаңа құрылыс салу үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қазақстан Даму Банкінен кредит алмақшы. Кредит көлемі – 66 млрд теңге.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін» ақпараттық жүйелері үшін серверлік жабдықтармен қамтамасыз ету» және Екібастұз қаласында әкімшілік-тұрмыстық корпусы бар Деректерді өңдеу орталығын салу» инвестициялық жобасы бойынша кредиттік желіні ашу туралы Келісім мақұлдансын», – деп жазылған құжатта.
Кредит алу үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы Астанадағы деректер өңдеу орталығының жылжымалы мүлкін (5442 бірлік) кепілдікке қойған.
Екібастұзда Деректер өңдеу орталығын салу туралы мәселе 2 жыл бұрын көтерілген еді. Сол кезде президент елімізге халықаралық компаниялар филиалдарын көбірек ашып жатыр, олардағы үлкен көлемідегі ақпаратты сақтайтын орын керек деген еді. Осы мақсатта Цифрлық даму министрлігіне Екібастұзда жаңа орталық салуды тапсырған еді.