Бір жыл бойы коллекторлық қызмет атқара алмайтын компаниялар белгілі болды, сізге хабарласса тексеріп алыңыз
«Finance Control», «Golden Collection», «Еffective DebtCollection» , «Казахстан финанс надзор» коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарылды. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Алматы қаласындағы Өңірлік өкілдер басқармасы бастығының бұйрығымен осындай шешім шығарылды.
Жаңа бұйрық бойынша, тізімдегі агенттіктер алдағы бір жыл ішінде коллекторлық қызмет атқара алмайды. Ол үшін агенттіктер қайта тіркеуден өтуі керек.
«Коллекторлық агенттік оны коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығару туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде өз атауынан «коллекторлық агенттік» деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге міндетті», – деп жазылған құжатта.
Сондай-ақ коллекторлар бес күн ішінде кредиторларға және берешекті өндіріп алу үшін жұмыс істеп жатқан борышкерлерге де тізімнен шыққаны жайлы хабардар етуге міндетті.