Зейнетақы қорынан үй алу не емделу үшін қаражат шешкендер салық төлемеуі мүмкін

Жарияланды
жеке табыс салығы
БЖЗҚ қорынан қаражат шешкендер жеке табыс салығын төлемейтін болады/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді БЖЗҚ-дан емделу үшін немесе баспана жағдайын жақсарту үшін қаржысын шешіп алғанда үстінен салық төлемеуі мүмкін. 2026 жылы қабылданатын Салық кодексіне осындай өзгерістер енгізілмекші.

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан рұқсат берілген мөлшердегі төлемді шешіп алған жағдайда 10% көлемінде жеке табыс салығы төленетін еді. Оны бірден қаржы түскенде немесе зейнетақы жасына жеткенге дейін ай сайын бөліп төлеуге болатын.

2023 жылы сенаторлар осы мәселені көтеріп, салықты алып тастауды ұсынды. Сенат депутаты Бекболат Орынбеков БЖЗҚ-дан алынатын зейнет төлемі қазақстандықтар үшін әлеуметтік маңызы бар деп атаған.

Енді экономика министрлігі 2026 жылы 1 қаңтарда күшіне енуі керек Салық кодексіне зейнетақы төлемін салықтан босату туралы норма қосты.

«Ол түзетулер күшіне енгенге дейін зейнетақы жинағынан жеке табыс салығы ұсталынуы қазір заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Ол нормаларды қабылдау есеп беруді азайтып, елдің салық жүйесіне оң әсер етеді», – деп түсіндірді ведомстводан.

Бірақ жаңа өзгерістердің теріс әсері де бар. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, зейнетақы жинағынан салық ұсталмайтын болса, бюджетке жылына 14,8 млрд теңге түспей қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз