WhatsApp аккаунтыңызды алаяқтардан қалай қорғау керек?
Қазір кез келген адамның Whatsapp аккаунтын бұзып, жеке дерегін пайдалану қиын емес. Сол аккаунттан таныстарыңыздан қарызға ақша алып, жеке мәліметіңізді таратып жіберуі мүмкін. Назарларыңызға Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мессенджеріңізді қорғау жайлы бірнеше кеңестер ұсынады.
Алаяқтар аккаунтыңызды қалай бұзады?
Бір жолғы код арқылы. Бұл жағдайда алаяқтар сізге авторизациялау коды бар SMS жібереді. Әрі қарай таныс бір кісіден сізге «қателісіп кетіп қалыпты, қайта жіберші» деп хабарлама келуі мүмкін. Әрине, әлеуметтік желіде бір аккаунтқа кеткен код екінші аккаунтқа келмейді. Әрбір аккаунт үшін дербес код, сондықтан өзара бір-біріне кетуі мүмкін емес. Ешқандай кодты таныстарыңызға жібермеу керек.
Кездесуге шақыру. Танысыңыздан (алаяқтан деп ұғыңыз) сізді кездесуге шақырғаны жайлы хабарлама келеді. Әрі қарай дәмхананы брондағанда сіздің номеріңізді бергеніңізді айтып, келген арнайы кодты жіберуді сұрайды. Ол кодты жіберсеңіз, автоматты түрде аккаунтыңызға кіруге рұқсат бергеніңіз деп есептеледі.
Қарызға ақша алу. Алаяқтар арасында кеңінен тараған тәсіл. Сіздің танысыңыз немесе достарыңызға қарыз беруді сұрап, хабарлама жібереді. Өкінішке орай, көпшілігі сеніп алданып қалып жатады.
Алаяқтарды қалай тануға болады?
Кибералаяқтарды шын танысыңыздан қалай ажыратуға болады? Белгілері бар ма? Әрине! Алаяқтар көбінде психологиялық қысым жасап, асықтырады. Тез-тез әрекет етуді сұрайды. Міндетті түрде сілтемеге өту, жаңа функция қосу, құпия сөзді айту, ақша жіберу сияқты өтініштері болады. Кейбірі тіпті жеке басқа өтіп қорқытады немесе сеніміңізге кіріп, қиын жағдайда қалғанын айтады. Кредиттік карта немесе банктік шот нөмірі, туған күні, құпиясөздер сияқты жеке мәліметтеріңізді беруді сұрайтындар да бар.
WhatsApp аккаунтыңызды қалай қорғауға болады:
Жоғарыдағы белгілердің біреуі байқалса, бірден сөйлесуді тоқтатыңыз. Күдікті тұлғаны бұғаттап, бірден шағым жіберіп, Whatsapp техникалық тобына ескертіңіз. Одан бөлек:
- жазбаңызды қорғауды күшейту үшін екі сатылы аутентификацияны іске қосыңыз;
- тіркеу кодын және екі сатылы тексеріс PIN-кодын ешкімге айтпаңыз;
- поштаға арналған құпиясөз барынша күрделі, қиын болсын, сонда ешкім кіре алмайды;
- құрылғыларды үнемі тексеріп отырыңыз. WhatsApp-тың есептік жазбасына қатысты барлық құрылғыларды көру үшін «Теңшеулер»> «Байланысты құрылғылар» жолына өтіңіз, байланысты құрылғыны тізімнен өшіру үшін «Шығу» батырмасын басыңыз.