Үш айда телефон арқылы 255 мың теңге аударым жасағандар тексеруге алынады – МКК
Мемлекеттік кірістер комитеті «көлеңкелі кәсіпкерлікті» анықтау үшін мобильді аударымдар қадағаланатынын ескертті. Яғни кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шоты камералық бақылауға алынады.
Кірістер комитеті мобильді аударымды басқа шоттар арқылы жүзеге асырған жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларының 2024 жылғы табыс көзі тексерілетінін ескертті.
Ақпаратқа сәйкес, аталған шара жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Өйткені көптеген кәсіпкерлер тауар, жұмыс пен қызмет ақысын кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы қабылдайды екен.
Комитет жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден бас тартуға құқығы бар азаматтардың мобильді аударымдары тексерілмеуі мүмкін екенін ескертті. Яғни «оларды бақылау тізімінен алып тастау қарастырылып» жатыр.
Өлшемшарт мәнін «Бір жеке тұлғаның күнтізбелік үш ай ішінде жалпы сомасы үш ЕТЖ, яғни 255 мың теңге болатын 100 немесе одан да көп адамнан төлем қабылдау» деп өзгерту қарастырылып жатқаны хабарланды.
KursivMedia мобильді аударым жасайтын тұрғындардың барлығы салық төлейді деген ақпаратты тексерді. Шын мәнінде, тексеруге алынған тұлғаның бәрін кірістер комитеті жазаға тартпайды.
Қазақстанда тіркелмеген кәсіпкерлік үшін бірнеше бап қарастырылған. Қайырымдылық мақсатта жиналған ақша үшін талап жеңілдейді.