Түркістанда білім саласындағы 43 шенеунік бюджеттің 2,4 млрд теңгесін қалтаға басқан
Түркістан облысына қарасты Мақтарал ауданының Білім бөліміндегі 43 лауазымды тұлға мен қызметкерлері бюджеттің 2,4 млрд теңгесін қалтаға басқан. Облыс прокурорлары ақша жымқыру фактісін дер кезінде анықтап, істі сот қарауына жіберді.
Күдіктілер білім саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың есеп шоттарына заңсыз жалақы аудару арқылы қомақты қаржыны жымқырған. Қазір олар 333,5 млн теңге көлемінде мемлекетке келтірген шығындарын қайтарған. Ал қылмыстық жолмен табылған 649,7 млн теңгені құрайтын мүліктеріне тыйым салынды.
Жыл басталмай жатып жемқорлық ісі Түркістан облысында бірінен соң бірі тіркеліп жатыр. Мәселен, облыс әкімдігі жол жөндеу саласында 2,2 млрд теңгеге негізсіз шарт жасасқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әкімдіктердің жолға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру тәсілдерін әшкере етті. Сондай-ақ бәсекелестік қағидаттарына сай келмейтін тәсілдер пайдаланылған.
Әкімдікте де, білім беру саласында да өаржы жымқыру фактілері анықталып жатқан тұста, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының лауазымы өсіп, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.