Пара алғаны үшін істі болған экс-вице-министр Мұсайбеков енді Хоккей федерациясын басқармақ
Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры лауазымына осыдан 4 жыл бұрын 15 мың доллар пара алды деп айып тағылып, істі болған, бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков тағайындалды.
«Қазақстанның хоккей федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс республикалық конференциясының шешімімен Мұсайбеков Сәкен Жүнісбекұлы ҚХФ Бас директоры лауазымына сайланды»,- делінген хабарламада.
Сәкен Мұсайбеков екі мәрте Қазақстанның мәдениет және спорт вице-министрі болған. 2015-2019 жылдар аралығында және 2020 жылы министр орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылы ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы лауазымында болған.
Пара алған шенеунік айыппұлмен құтылған
Экс-вице-министр Мұсайбековке 2021 жылы қызметтік лауазымын пайдаланып алаяқтыққа барды деген айып тағылған болатын. Нақтырақ айтсақ, ол сол жылы ақпан айында 15 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Шенеунік букмекерлік қызмет саласындағы мүдделерді қолдап және жалпы қамқорлық көрсету желеуімен пара алған.
Сол уақытта Түрксіб аудандық соты Сәкен Мұсайбековке қатысты қылмыстық істі қарап, министрдің экс-орынбасарына алаяқтық жасағанына қатысты үкім шығарған болатын. 15 мың АҚШ доллары көлемінде пара алғаны дәлелденіп, Мұсайбековке мемлекетке 62 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген болатын. Осылайша ол айыппұл төлеумен құтылып кеткен еді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Хоккей Федерациясын экс-премьер-министр Асқар Мамин де басқарған болатын. Тіпті бір емес, төрт мәрте федерация президенті болып сайланған еді.
Спортты қолдау қорының 2023 жылғы есебі бойынша кәсіби клубтарға жалпы 21 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттың елеулі бөлігі «Барыс» хоккей клубына жұмсалды. 2023 жылғы мәліметтерге сәйкес, «Барыс» хоккей клубына бөлінген қаржы мөлшері 8,5 млрд теңгені құраған. Ал ондағы хоккейшілердің орташа айлығы жылына шамамен 100-150 миллион теңге аралығында ауытқиды. Кейбір атақты хоккейшілердің жалақылары одан да жоғары болуы мүмкін.