«Польша, Италия, Колумбия»: ІІМ шетелде жасырынған 110 қылмыскерді Интерпол арқылы тапты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда қылмыс жасағандар қай елдерге барып жасырынады?/ Коллаж: kursiv.media архиві

Алаяқтық, жемқорлық, есірткі, контрабанда, ойын бизнесі сияқты қылмыс жасаған қылмыскерлер көбіне шетел асып қашып кетеді. ІІМ өзге мемлекеттерде жасырынып жүрген сондай 110 қылмыскерді қолға түсірді. Сондай-ақ құзырлы орган олардың қай елдерге барып жасырынғанын да мәлім етті.

«Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросы арқылы еліміздің құқық қорғау және уәкілетті органдарының бастамасымен халықаралық іздеуде жүрген 110-нан астам қылмыскер мен жоғалып кеткен азаматтар шетелде табылды», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылы Интерполдың байланыс арналарының географиясы кеңейген. Іздеуде жүргендер негізінен Ресей, Түркия, БАӘ, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша, АҚШ, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Испания, Ұлыбритания, Чехия, Швеция, Украина, Германия, Колумбия, Израиль, Бельгия, Греция, Италия, Доминикан Республикасы, Литва, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде анықталып, қолға түскен.

Шетел асқан әккі қылмыскерлер көбінесе алаяқтық, бөтен мүлікті талан-таражға салу және ысырап ету, есірткімен байланысты қылмыстар, сыбайлас жемқорлық, қарақшылық, экономикалық контрабанда, заңсыз ойын бизнесі мен салық төлеуден жалтару сияқты экономикалық қылмыстар және ұрлық үшін іздеуде болған.

Жуырда үлескерлердің 3,7 млрд теңге қаражатын жымқырған азамат Ресейден экстрадицияланған еді. Күдікті Алматыда орналасқан құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеген. Ол өз қызметін теріс пайдаланып, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдап, оларға жалған түбіртек беріп отырған.

Сондай-ақ оқыңыз