Жекеменшік мектептер де мемлекеттен қаржы ала ма? Аймағамбетов неге алаңдап отыр?
Мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болып отырған Қазақстандағы жекеменшік мектептер банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Оның бірден-бір себебі мемлекеттік қаржыландырудың тұрақсыздығы мен кешігуі. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осылай дабыл қақты.
Жекеменшік мектептер білім жүйесіне қалай әсер етеді?
Мәжілісменнің сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда небәрі 25–30 жекеменшік мектеп жұмыс істеп келсе, қазір олардың саны 800-ден асқан. Айтуынша, жеке мектептердің көбеюі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмегін тигізген.
«Әсіресе, оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда бұл мәселе өзекті еді. Мыңдаған оқушы орны ашылып, жүздеген мемлекеттік мектептердің жүктемесі азайды. Әрине, жекеменшік мектептерге қатысты көзқарас әртүрлі болуы мүмкін. Сапа мәселелері бұл мектептерде де бар, бірақ балама және бәсекенің болуы бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды екені анық»,- деп жазды депутат өзінің Telegram-дағы арнасында.
Аймағамбетов бүгінде елдегі жеке мектептер күрделі қиындықтарға тап болғанын да айтты. Өйткені білім ордаларының басым бөлігі мемлекеттен тиісті қаржысын алмаған.
Кейбір жеке мектептер жабылудың аз-ақ алдында тұр…
«Әсіресе, ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырысқа тәуелді жұмыс істейтін мектептер банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Негізгі мәселе – мемлекеттік қаржыландырудың тұрақсыздығы мен кешігуінде. Бұл тек есеп-қисаптағы сандар емес, бұл – мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер мен салық төлемдері. Тіпті, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыны ала алмаған»,- деді мәжілісмен.
Қаржы тапшылығы 80 млрд: әкімдер жеткілікті көңіл бөлмей отыр ма?
Депутат 2024 жылдан бастап жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке ауыстырылғанын еске салды. Бірақ барлық әкімдіктер бұл өзгерісті ескермеген немесе қажетті қаражат бөлмеген. Асхат Аймағамбетов бүгінде қаржыландыру тапшылығы шамамен 80 миллиард теңгені құрап отырғанын айтады.
«Бұл өте алаңдатарлық жағдай, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептер қалыпты жұмыс істей алмайды. Егер мәселе шешілмесе, жекеменшік мектептердің қызметі тоқтап, білім беру саласына кері әсер етуі мүмкін. Жекеменшік мектептердің үздіксіз және тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болуы тиіс»,- деді депутат.
Айта кетейік, елдегі 800-ден астам жекеменшік мектепте 250 мың бала білім алады. Бұл оқу орындарына қолдау көрсету үшін 2024 жылдың өзінде 161 млрд теңге бөлінген. Бұл бір балаға есептегенде жылына шамамен 640 мың теңге болады. Министр Ғани Бейсембаев осы қолдау арқасында соңғы 3 жылда елдегі жекеменшік мектептер саны 3 есе артқанын айтқан болатын.