Қазақстан Президенті Рождество мерекесімен құттықтады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев христиан дінін ұстанатын қауымды Рождество мерекесімен құттықтады.

– Жұртқа жақсылық пен үміт сыйлайтын осы жарқын мейрамда діндар жандар адами құндылықтарға қызмет ету жолында өзара бірігеді. Рождествода азаматтар ерекше қуанышқа бөленеді, православ дінін ұстанатын адамдар жақындарына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға жанашырлық танытуға асығады. Православ діні елдің берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын нығайта түсуге, жалпыұлттық бірегейлігіміздің өзегі саналатын отаншылдық, жасампаздық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды дәріптеуге мол үлес қосып келеді, – деді Тоқаев.

Президент татулық пен сенім – басты құндылық екенін айтты.

– Қоғамдағы татулық пен түсіністік Қазақстанның тұрақты дамуының мызғымас тірегі болып қала беретініне кәміл сенемін.  Еліміздің православ христиандарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Рождество мерекесі құтты болсын! – деді мемлекет басшысы.

Қазақстандықтар 2005 жылдан бері осы мерекені атап өтеді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессия отырысында Құрбан айт пен Рождество аталып өтетін күндерді ресми түрде демалыс күндері деп жариялауды ұсынды. Содан бері күнтізбеде демалыс күні деп бекітілген.

Сондай-ақ оқыңыз