Ресейде көлік апатынан қазақстандық бес азамат жарақат алып, екі адам қаза тапты
Ресейдің Самара облысында қазақстандықтар жол апатынан зардап шекті. Бұл оқиға Самара – Большая Черниговка автожолында болған.
Жол-көлік оқиғасына байланысты Қазақстаннан жедел жәрдем көліктері барған.
«Автомобиль апатынан зардап шеккен Қазақстанның алты азаматы, оның ішінде екі бала бүгінде 6 санитариялық автокөліктің көмегімен Орал медициналық мекемелеріне тасымалданды. Тағы бір зардап шеккен отандасты ТЖ департаментінің бригадасы жеткізді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Медициналық көмек көрсететін топта травматолог, хирург, нейрохирургтер, фельдшерлер болған. Жол апатына түскендердің аяқ-қолы, жамбас сүйегі, омыртқасы сынған. Енді бірінің еті көгерген.
«Таңертең ерте зардап шеккен 5 адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасына, 2 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына емдеуге жатқызылды», – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Айта кетейік, ақпарат жарияланған соң, бір-екі сағаттан кейін ТЖМ апаттан зардап шеккен екі азаматтың көз жұмғанын хабарлады.