Тибет аймағында қатты жер сілкінісі болды. Қаза тапқандар бар. Қытайдың сейсмологиялық желі орталығының (CENC) хабарлауынша, Непалмен шекаралас Қытайдың Тибет автономиялық ауданында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9-да 6,8 балдық жер сілкінісі болды.
«7 қаңтарда сағат 12:00-дегі жағдай бойынша барлығы 49 жер сілкінісі тіркелді, оның ішінде магнитудасы 3,0-ден төмен 33 жер сілкінісі, магнитудасы 3,0 және одан жоғары 16 жер сілкінісі, атап айтқанда 3,0-ден 3,9-ға дейінгі 13 жер сілкінісі және магнитудасы 4,0-ден 4,9-ға дейін үш жер сілкінісі есепке алынды. Негізгі дүмпу ошағынан 18 шақырым жерде 4,4 баллды құрайтын ең жоғары дүмпулер тіркелген», – делінген орталық хабарламасында.
Таулы жерде 62 мың адам өмір сүреді.
Магнитудасы 6,8 болатын жер сілкінісі, нақты айтқанда Тибет автономиялық ауданы Шигацэ уезінің Тингри ауданында болды. Эпицентрден 20 шақырым радиуста 3 қала мен 27 ауыл бар, оларда 6,9 мыңға жуық адам тұрады.
Xinhua агенттігінің жазуынша, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин құтқару жұмысына барлық күшті жұмылдыруды тапсырды.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерге көмек көрсету, зардап шеккендерді азайту, қайталама келеңсіз салдардың алдын алу, апаттан зардап шеккендерді дұрыс орналастыру, зардаптарды жою бойынша жұмыстарды сапалы жүргізуге бар күш-жігерді салу қажет», – деді ол.
Америка Құрама Штаттарының Геологиялық қызметі (USGC) Шигацэ қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 177 шақырым жерде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі туралы хабарлады. Жерасты дүмпулері Непал астанасы Катмандуда да сезілді.
Бір апта бұрын Алматыдан 350 шақырым жерде дүмпу тіркелген.