2025 жылы қандай ипотекалық бағдарламамен үй алуға болады?

Жарияланды (жаңартылды )
2025 жылы қалай үй алуға болады?/ фото: shutterstock

Қазақстанның мемлекеттік тұрғын үй саясаты халықты тиімді бағада және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және азаматтардың өмір сүру деңгейін және сапасын арттыруға арналған.

Халық жаппай қалаға көшіп жатыр және жақсы үйде тұрғысы келеді. Сол үшін мемлекет түрлі санаттағы азаматтардың қажеттілігін ескеретін бірқатар бағдарлама әзірледі. KursivMedia тілшісі Қазақстанда іске асырылып жатқан негізгі тұрғын үй бағдарламаларын талдап шықты.

«7-20-25» бағдарламасы

2018 жылы іске қосылған «7-20-25» бағдарламасына биыл бірқатар өзгерістер енгізілді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотека рәсімдеу үшін қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы 18 айда баспанасы болмауы керек.

Бұл қалай анықталады? Екінші деңгейлі банктер банктік қарыз шартын жасау кезінде қарыз алушы мен оның жұбайының соңғы бір жарым жыл ішінде тұрғын үйінің бар/жоғын тексереді.

Алайда баспананың болмауы туралы талап ауданы 15 шаршы метрден аз жатақхана бөлмелеріне қолданылмайды. Сонымен қатар қарыз алушының басқа ипотекасы болмауы керек. Бұған қоса әр қазақстандық «7-20-25» бағдарламасына бір рет қана қатыса алады.

Бағдарлама шарттары:

  • Мөлшерлеме: 7%;
  • Бастапқы жарна: пәтер құнының 20%-ынан бастап;
  • Несие мерзімі: 25 жылға дейін;
  • Тек жаңа тұрғын үй алуға болады және ол пайдалануға берілген болуы керек.

Тұрғын үйдің максималды құны:

— 25 млн теңге — Астана, Алматы және қала маңындағы аудандарында, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкентте;

— 20 млн — Қарағанды, Түркістан;

— 15 млн — басқа аймақтарда.

«7-20-25» бойынша қандай банктер ипотека береді?

Бағдарламаға жеті банк қатысады. Олар:

  • «ЦентрКредит банкі»;
  • Freedom Bank;
  • «Халық банкі»;
  • RBC Bank;
  • «Алтын банк»;
  • ForteBank;
  • «Еуразиялық банк».

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

«Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Бағдарлама бойынша бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға немесе жеке үй салуға болады.

Негізгі шарттары:

  •                 Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 2%.
  •                 Бастапқы жарна: 10%-дан бастап.
  •                 Максималды несие сомасы: 15 млн теңгеге дейін.

«Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы

«Шаңырақ» бағдарламасы мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Бағдарлама «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады.

Шарттары:

  •                 Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 5%.
  •                 Бастапқы жарна: 10%-дан бастап.
  •                 Несие мерзімі: 20 жылға дейін.

Жастарға арналған өңірлік бағдарламалар

Қазақстанның түрлі өңірлерінде жастарға арналған арнайы бағдарламалар бар: «Алматы жастары», «Астана жастары», «Алатау жастары» және т.б. Бұл бағдарламалар жас мамандар мен отбасыларға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін береді.

Ортақ шарттары мынадай:

  •                 Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 5%-10%.
  •                 Бастапқы жарна: 10%-20%.
  •                 Максималды несие сомасы: 10-20 млн теңге.
  •                 Несие мерзімі: 25 жылға дейін.

«Жас отбасы» бағдарламасы

«Жас отбасы» бағдарламасы жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама бойынша бастапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға немесе жеке үй салуға болады.

Шарттары:

  •                Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 6%.
  •                Бастапқы жарна: 20%-дан бастап.
  •                Максималды несие сомасы: 20 млн теңге.
  •                Несие мерзімі: 25 жылға дейін.

«Отау» бағдарламасы

2024 жылы «Отбасы банк» іске қосқан «Отау» бағдарламасы соңғы 5 жылда атында баспана болмаған азаматтарға арналған. Бағдарлама ірі қалаларда жаңа үй, ал басқа өңірлерде кез келген нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді. Тағы бір жоба шарты – Алматы мен Астана мегаполистерінен үй алатын жағдайда осы шаһарларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

Негізгі шарттары:

  •          Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 9%.
  •          Бастапқы жарна: 20%-дан бастап.
  •          Максималды несие сомасы: 30 млн теңге (ірі қалаларда), 18 млн теңге (басқа өңірлерде).
  •          Несие мерзімі: 19 жылға дейін.

«Наурыз» бағдарламасы

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Наурыз» бағдарламасының талаптары да өзгерді. Енді жобаға қатысу үшін депозитте кемінде 2 млн теңге болуы қажет. Бұған дейінгі талап бойынша 1 млн теңге еді. Биылғы жылы «Наурыз» ипотекасына 300 млрд теңге бөлінетіні де хабарланған.

Шарттары:

  • Мөлшерлемесі: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%. Ал өзге тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға – 9%;
  • Макмималды заем сомасы: Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге, басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін;
  • Алғашқы жарна: заем сомасының 10%-нан бастап (бұл өзгеріс 2025 жылғы 1 қаңтарда енгізілді, бұған дейін бастапқы жарна 20% болатын);
  • Несиелеу мерзімі: 19 жылға дейін.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

Ресми табысы бар жұмыс істейтін әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 2021-2023 жылдар аралығында іске асырылған. Биылдан бастап қайта іске қосылатын бағдарламада баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Заемдар жаңа үйлер мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға да беріледі. Соның ішінде баспананы үлестік қатысу шарты бойынша да алуға болады. Сондай-ақ бағдарлама бойынша пәтерді жөндеу жұмыстары үшін 3,7 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.

Биыл жобаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талап өзгерді. Енді кірістің максималды сомасы – 900 000 теңгеден астам сомаға дейін ұлғайтылды. Яғни шамамен осы сомаға дейін табысы бар тұлғалар бағдарламаға қатыса алады. Бастапқы жарна үшін БЖЗҚ-дан аударылған ақшаны пайдалануға болады.

Шарттары:

  • Мөлшерлемесі: 14,4% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15,4% бастап), кейін 3,5%-5% дейін төмендейді (ЖТСМ 3,6% бастап);
  • Максмималды заем сомасы: 30 млн теңгеге дейін;
  • Алғашқы жарна: заем сомасының 20%-ы;
  •  Несиелеу мерзімі: 6 айдан 25 жылға дейін.

Еске сала кетсек, 2023 жылы бағдарламаға 15,6 млрд теңге жұмсалды. Несиенің 60% облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілген. 

Сондай-ақ оқыңыз