Қарыздан құтылуға көмектесетін стратегиялар
Биылғы қарашадағы статистикаға қарасақ, PDL-сегмент (айлыққа дейін деп алынатын кредит) көлемі — 8 пайызға, ал алушылар саны 5 пайызға өскен. Яғни 40 млрд теңгеге 603 мың займ алынған. Қазандағы деректерге сүйенсек, күнделікті қажетімізге керек деп алынған микрокредит саны үшінші тоқсанда 4,7 пайызға өсіп, жыл басындағы көлеммен салыстырғанда 25,5 пайызға артқан. Микроқаржы ұйымдарынан рәсімделген кредитті 90 күннен артық уақыт бойы төлемей жүргендер де қаңтардағы шамамен салыстырғанда 3,9 пайызға көбейген. Мұның бәрі елімізде қарызға белшесінен батқандар үлесі артқанын көрсетеді. Олай болса, құтылудың жолы қандай, нендей стратегияларды қолданған абзал — осы туралы айтайық.
Адам қалай қарызға батады?
Көбіне адамдар өзінің шамасын білмей, шамадан тыс қарыз алып қояды. Дәл қазір жағдайы жақсы болса да, алдағы уақытта табысы қысқарып қалса не болады деген сценарийді ойлай бермейді. Соның салдарынан тегін келген ақша секілді әркімнен қарыз алып, бірнеше жерден кредит рәсімдеп алып, ақыр аяғында мерзімінен кешіктіріп, қара тізімнен бір шығады. Одан бөлек мынадай себептер де болуы мүмкін:
- Кредитті себепсізден себепсіз ала беретіндер болады;
- Шығындарын есептемегенненің кесірінен қарызға батып қалады;
- Аяқ-асты жұмысынан айырылып қалады;
- Әлдене бола қалса деп артына қорға жинаған ақшасы болмауы мүмкін;
- Кредиттердің пайыз мөлшерлемесі артып кеткеннен болады;
- Валюта бағамы қатты құбылғаны себеп болуы мүмкін.
Қаржылық жағдайды қалай бағалауға болады?
Қарыз мәселесін реттемекші болсаңыз, алдымен қаржылық ахуалыңыздың қандай екеніне көз жеткізіп алуыңыз керек. Ол үшін ең бірінші кімге қарызсыз, қай жерде қанша кредитіңіз бар, кредит карталар болса, сонда қанша қарыз бар — бәрін тізіп шығыңыз. Адамдардан алғанын да, банктердің кредитін де бірін қалдырмай жазыңыз. Ол тізімге сомадан бөлек пайыз мөлшерлемелері, қай банктен алынғанын да көрсетуіңіз керек. Мұндай мәліметтер сізге жалпы ахуалдың қандай екенін байқауға көмектеседі. Бір басыңызда бірнеше кредит болса, қайсысын бірінші жабу керегін ойлағанда мына факторларды ескеруіңіз қажет: пайыз мөлшерлемесі мен салдары қандай болады. Яғни міндеттемелеріңізді өтемесеңіз, ол сізге қалай әсер етуі мүмкін екенін біліп алу қажет. Одан соң ай сайынғы шығындарыңызды тізіп шығыңыз. Оның ішінде үй жалдайтын болсаңыз пәтерақыны, коммуналдық төлемді — бәрін жазыңыз. Көрсету керек тағы бір баған — табысыңыз. Айлығыңыз, қосымша түсіп тұратын қаражат, жәрдемақы және т.б. Егер табысыңыз бір банктің ғана картасына түсіп тұратын болса, керемет. Ондай кезде қанша тапқаныңыз бен жаратқаныңызды мобайл қолданбадан қарап отырасыз. Ал енді бірнеше банктің картасына түсетін болса, онда Excel кестеге салып отырған абзал. Сонда ақшаны қалай жұмсау керегін жақсырақ түсіне бастайсыз.
Табысыңызды көрсеткен кезде болу-болмауы белгісіз қаражатты қоспаңыз. Мысалы желтоқсанда сыйақы түсіп қалуы мүмкін болса, онда табыс деп есептемеңіз. Өйткені түспей қалса, есебіңіз бұзылады. Шығындарды жазғанда керісінше, көбейтіп жазған абзал. Максимум сомамен есептеуді әдетке айналдырыңыз. Себебі түрлі форс-мажор болып қалуы мүмкін. Бір қарағанда елеусіз көрінген соманың өзі әжептәуір рөл ойнап қалып жатады. Мойныңыздағы қарызды дәл анықтағыңыз келсе, қарыз жүктемесінің коэффициентін анықтасаңыз болады. Ол мынадай формула бойынша есептеледі: барлық қарыз бойынша төлейтін айлық төлемді айлық табысыңызға бөліп, 100 пайызға көбейтіңіз. Егер көрсеткіш 40-50 пайыздан асып кетсе, демек жағдайыңыз қиын. Сізге көп созбай қарыз жүктемесін оңтайландыру керек деген сөз. Жалпы алғанда кредит жүктемесінің деңгейі 30 пайыздан аспаса, демек онда халіңіз қалыпты.
Қарыздан құтылу стратегиялары
Бүгінде қарыз жабудың неше түрлі стратегиялары бар. Оның ішінен әркім өзіне қолайлысын таңдайды. Атап айтқанда, қарыз сомасын жабу, кредит мерзімін қысқарту, қайта қаржыландыру, банкрот болу, барлық кредитті бір кредиторға беру дегендей түрлері танымал. Мұның бәрі — қарызды оңтайландырудың жолдары.
Қарыз сомасын азайтуға болады. Мұнда да әркім өзі шешеді. Мысалы алдымен сомасы ең аз кредитті жауып тастап, одан кейін біртіндеп солай құтыла берсеңіз болады. Бұл көбіне адамға қарыздан толық құтылуға мотивация болуы үшін жасалады. Өйткені кішігірім болса да кредит жабылған кезде адам қуанып, шабыт алады. Енді бірі пайыз бойынша ең жоғарғысынан бастаған абзал дейді. Бұл енді болашақты ойлап есептегенде шынында оңтайлы тәсіл. Себебі сіз көп қаражатты үнемдейсіз. Осы стратегияны таңдасаңыз, біртіндеп осылай пайыз мөлшерлемесі азына ауыса бересіз.
Кредит мерзімін қысқартуға болады. Егер кредит мерзімін азайтсаңыз, онда айлық төлем мөлшері көбейеді. Осыны түсініп алу керек. Есесіне, осы әдісті қолданғандар негізгі қарыздан тездетіп құтылып алады. Егер табысыңыз артып, қазіргі төлеп жүрген сома сіз үшін азғантай болып қалса, онда несие мерзімін қысқартқан абзал. Өйткені ол жағдайда сіз артық төлейтін соманы азайта аласыз. Бірақ табыс тұрақсыз болса, онда ай сайынғы төлемді көбейтпеңіз. Себебі төлей алмасаңыз, онда бекерден-бекер мерзімін кешіктіріп, қарызға батасыз. Осы ретте табысы аз, кредит төлеуге қиналып жүргендерге арналған мына кеңесті де айта кетейік. Кредиторлардың бірімен келісіп, ай сайынғы төлем көлемін азайтуын сұрап көрсеңіз болады. Мұндай жағдайда төлем азаяды, бірақ есесіне кредитті бастапқы алғандағы кезден ұзағырақ төлейсіз. Яғни қарызыңызды созып береді. Екі жылға деп алғаныңызды үш жыл төлеуіңіз мүмкін. Бірақ ай сайынғы төлем қалтадан қақпағандықтан, өзіңізге оңай болады. Әркім өз жағдайына қарай ыңғайлы тәсілін тауып алғаны дұрыс.
Қайта қаржыландыру құралын пайдалануға болады. Мұны «рефинанс» деп те атайды. Бұл дегеніміз — бірнеше кредиттің басын қосып, бір кредитке біріктіру. Ескі қарыздарды жаңа кредит алып жабасыз. Әдетте кредит тарихы бүлінбеген, төлемдерді уақытылы төлеп жүргендерге банктер қайта қаржыландыру арқылы жағдайды реттеуге көмектеседі. Ал енді үнемі кешіктіріп, төлемей жүретіндерге мұндай жеңілдік жасала бермейді. Бұл жерде банктерге не пайда? Жалпы алғанда банктерге қарызын ала алмай жүргеннен ақша айналымда жүргені жақсы. Өйткені егер мерзімі кешіктірілген төлем көп болса, онда резерв жасауға шығын көбейеді. Сол арқылы қаржы ұйымының қоржынының сапасы түсіп, қорытындығы кері әсер береді. Сондықтан қайта құрылым жасауға мүмкіндік беруге болатын болса, онда олардың рефинанс жасауға, бірнеше айға «қатырып» қоюға рұқсат беруі ықтимал. Бастысы мұндай шешім қабылдайтын кезде банк қарыз алушының кредит тарихына мұқият қарайды. Қаншалықты тәртіпті екеніне қарап шешім шығарады. Көбіне банктер уақытша қаржылық қиындыққа тап болғандардың ипотекасын қайта құрылымдауға келісім беріп жатады. Шағын кредит беретін кейбір компаниялар төлемді кейінге шегере тұруға не шарттарды ыңғайға қарай реттеуге келіседі. Бастысы, қарыз алған адам кешіктіріп, хабарсыз кетпей, бәрін алдын-ала түсіндіріп, жағдайды реттеуге көмек сұрауға дер кезде барса болғаны. Қайта құрылымдауға өтініш беретін кезде керек болатын құжаттар:
- Себебін көрсетіп, қандай шарттарды өзгерту керегін көрсетіп, өтініш жазасыз (мөлшерлемені азайтуды сұрайсыз ба, әлде шегерім керек пе және т.б);
- Қазіргі таңда қаржылық жағдайыңыз неге нашарлап кеткенін дәлелдейсіз (табысыңыз туралы анықтама, болмаса шотыңыздағы айналымдарды көрсетіп дегендей);
- Мұндай форс-мажор неге болып қалғанын дәлелдейтін құжаттар өткізесіз (ауырып қалғаныңыз туралы анықтама, жұмыстан қысқарып қалғаныңыз туралы анықтама және т.с.с);
- Жеке куәлігіңізді ала барасыз.
- Бұған дейінгі төлемдер уақытылы жасалғанын көрсетесіз.
Банкрот болғаныңызды көрсетіп, кредиттерді кешіруін сұраса болады. Бұл енді әбден қарызға батып, басқа амалы қалмаған адамға ғана арналған стратегия. Әрі екінің бірін банкрот деп тани бермейді. Қарыздарды сызып тастайтын бұл тәсілдің кемшіліктері де бар. Мысалы банкрот болғанға дейінгі үш жыл бұрынғы келісімдерді мойындамауы мүмкін. Айталық, екі жыл бұрын көлігіңізді саттыңыз делік. Соны жарамсыз деп таныса, таңғалмаңыз. Ал енді алған адам туысыңыз болып шықса, онда машинаны конкурсқа қайта салуы ғажап емес. Одан бөлек, жеке тұлғаны банкрот деп танитын кезде барлық қарыз сызылмайды. Заңсыз, жалған құжаттар көрсетіп, табысыңызды жасырған болсаңыз, онда бұл жолмен қарыздан құтыла алмайсыз. Әрине соңғы шешімді сот қабылдайды.
Бюджетті оңтайландыруға болады. Оның жолы мынадай:
- Айына бір рет шығындарыңызды қарап, онша маңызды емес дегендерін қысқартып отырыңыз;
- «50–30–20» стратегиясын қолданыңыз. (Табысыңыздың 50%-ын міндетті түрде төлеуіңіз керек жерлерге, 30%-ын жеке шығындарыңызға және қалған 20%-ын қор қылып жинауға әдеттеніңіз);
- Эмоциямен алып қоя беруді қойыңыз. Әлдебір зат алатын кезде жақсылап ойланып барып шешім қабылдау керек. Ол дүние шынында керек пе, қаншалықты маңызды деп таразылауды үйреніңіз. Әйтпесе, көңіл-күйге қарай зат ала берсеңіз, айдың соңына келгенде басқа біреуден қарыз алуға мәжбүр болып отырасыз. Болмаса, міндетті төлемдерге деп қойған ақшаны жұмсап тастап, төлейтін уақыт келгенде ақша таппай қаласыз. Басы артық шығындардан бас тартыңыз.
Жинаған қорыңыз болсын. Егер әлі жинап бастамасаңыз, онда бүгіннен бастап кетсеңіз де кеш емес. Әдетте қор деп міндетті түрде төленуі керек төлемдердің үш айлық көлемін жаба алатындай соманы айтады. Яғни бір айда кемінде 200 000 теңге міндетті шығыныңыз болса, жинағыңызда форс-мажорға деп 600 000 теңге сақтауыңыз керек.