Әлемдегі ең бай 500 адамның тізімінде Тимур Құлыбаев неге жоқ?

Жарияланды (жаңартылды )
ең 500 адам
Әлемдегі 500 бай адамның тізіміне Тимур Құлыбаев неге енбеді/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Bloomberg әлемдегі ең бай 500 адамның тізімін жариялады. Бірақ тізімде қазақстандықтар жоқ.

Әлемдегі ең дәулетті бизнесмендер қалай байып жатыр?

Тізімдегі бірінші орында – Илон Маск, байлығы 426 млрд доллар деп бағаланып отыр. Бұл Қазақстанның екі жылдағы ЖІӨ-не тең (2023 жылы – 261 млрд доллар). Екінші орында Amazon-ның негізін қалаушы Джеф Безос тұр, дәулеті 241 млрд долларды құрайды. 500 кәсіпкер тізімін 6,17 млрд доллар байлығымен Дэвид Сигел аяқтайды.

Ең бай 500 адамның жалпы дәулеті 10 трлн доллардан асады. Бір жыл ішінде олардың табысы 1,5 трлн долларға көбейген.

Қызығы, тізімдегі алғашқы ондықтағы кәсіпкерлердің барлығы дерлік технология саласында бизнесін жүргізіп отыр. Олардың ішінде Tesla, Meta, Amazon, Google тәрізді алпауыт корпорациялар бар. Илон Маск, Сергей Брин, Майкл Делл, Джеф Безос сияқты кәсіпкерлер компанияның іргетасы қаланған сәттен бастап жұмысын жүргізіп келеді.

500 бай адамның тізімінде қазақстандықтар неге жоқ?

Әлемдегі ең бай кәсіпкерлердің тізімінде қазақстандықтар есімі жоқ. Еліміздегі ең дәулетті бизнесмендер тізімін Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким бастайды. 2024 жылы Forbes оның байлығын 5,8 млрд доллар деп бағалады. Тізімге кіруге 1 млрд доллар жетпей қалған.

Мұнай-газ саласындағы сарапшы Нұрлан Жұмағұлов өзінің телеграм арнасында бұл тізімге Тимур Құлыбаевтың кіруге мүмкіндігі бар еді деп жазды. Алайда, оған кедергі болатын бір мәселе бар. Тимур Құлыбаев (5 млрд доллар, Forbes Kazakhstan 2024) пен оның жұбайы Динара Құлыбаевтың (5 млрд доллар, Forbes Kazakhstan 2024) активі бөлек есептеледі. Ерлі зайыптылар 50/50 үлеспен Almex Group-ты басқарады. Бірақ көптеген басқа активтерді, оның ішінде мұнай активтерін Тимур Құлыбаев жеке басқарады. Егер екеуінің дәулеті Құлыбаевтар әулеті ретінде бірге қарастырса, онда әлемдегі ең бай 500 адамның тізімінде 300-400 орындарда көрінуі мүмкін еді.

Мұндай тәжірибе Forbes Kazakhstan тізімінде бар. Мәселен, Ибрагимовтар әулеті (1,5 млрд доллар, Forbes Kazakhstan 2024) мен Әлімжановтар әулетінің (240 млн доллар, Forbes Kazakhstan 2024) дәулеті ортақ есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз