Атырау облысындағы Тайсойған учаскесінде алғаш рет мұнай іздеу жұмысы басталды

Жарияланды (жаңартылды )
Тайсойған учаскесінде алғаш рет іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті / Фото: shutterstock

«Ембімұнайгаз» компаниясы Атырау өңіріндегі Тайсойған учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастады. Бұл туралы «Қазмұнайгаздың» баспасөз қызметі хабарлайды.

Тайсойғандағы учаске – Каспий маңы шөгінді бассейніндегі мезозой құрылымында тұзүсті қабаттарынан тұрады. Осы жылдың соңына дейін тереңдігі 400 – 3800 м аралықта бұрғылау жоспарланған.

«Нысандар 5600 шаршы км көлемде жүргізілген кең ауқымды 3D сейсмикалық барлау негізінде бұрғылауға дайындалды. «Ембімұнайгаз» АҚ жер қойнауын пайдалану жөніндегі барлық жұмысты ҚР заңнамасына және экологиялық талаптарға қатаң сәйкес жүргізеді», – деп жазылған компания хабарламасында.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінше, геологиялық барлау жобалары көмірсутектерді іздеуге және елдің ресурстық базасын толтыруға бағытталған. Осыған дейін Тайсойған учаскесінің маңында Уаз, Солтүстік Уаз, Қондыбай және өзге де кен орындары ашылған еді.

«Бұл жобалар қор көлемі табиғи жолмен сарқылуға жақын жетілген кен орындары бар өңірлерде ерекше маңызға ие. Тайсойған учаскесінде іздеу ұңғымаларын бұрғылау Атырау облысының энергетикалық әлеуеті мен экономикалық тұрақтылығын нығайтудағы маңызды қадам болмақ», – дейді компания өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыз