Жаңалықтар

Лос-Анджелесте орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды

Палисейдс ауданының эвакуация аймағында шамамен 30 мың адам тұрады. /фото: Reuters

АҚШ-тағы Калифорния штатының билігі Лос-Анджелестің батыс аудандарын қамтыған орман өрті салдарынан төтенше жағдай жариялап, тұрғындарға эвакуациялануға бұйрық берді деп хабарлады ВВС-дің орыс қызметі.

Палисейдс ауданының эвакуация аймағында шамамен 30 мың адам тұрады. Жергілікті шенеуніктер баспасөз мәслихатында шамамен 10 мың үй қауіп-қатер астында екенін хабарлады.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом көптеген ғимарат отқа оранғанын мәлімдеді.

Лос-Анджелес өртке қарсы қызметінің басшысы Кристин Кроули эвакуация кезінде хаос болғанына қарамастан, зардап шеккендер туралы ақпарат түспегенін айтты.

CNN Ақ үйге сілтеме жасай отырып, АҚШ президенті Джо Байденнің жағдайдан хабардар екенін және штат пен жергілікті билік өкілдерімен байланыста екенін хабарлады.

Билік өрт жел әсерінен күшеюі мүмкін екенін ескертуде.

Ұлттық метеорологиялық қызметтің хабарлауынша, кейбір аудандарда желдің жылдамдығы сағатына 160 километрге дейін жетуі мүмкін.

Төтенше жағдай деңгейінің жоғарылауы 9 қаңтардың кешіне дейін сақталады деп болжанып отыр.