Air Astana әуе компаниясының Алматы – Анталья бағытындағы ұшағы Ақтауға қонуға мәжбүр болды. Компанияның баспасөз қызметі оған техникалық ақау себеп болғанын мәлім етті.
“8 қаңтарда Алматы – Анталья бағыты бойынша КС915 рейсін орындайтын Airbus A321 ұшағы әуежайдан жергілікті уақыт бойынша 08:35-те ұшып кетті. Техникалық себеппен ұшақ Ақтау әуежайына штаттық режимде қонды. Бұған орталық бактың отын жүйесінің сақтандырғыш клапанының ақаулығы себеп болды. Рейс Алматыдан қосалқы бөлікті жеткізу қажеттілігіне байланысты 9 қаңтарда сағат 09:20-ға ауыстырылды. Жолаушыларға тамақ беріліп, қонақүйге орналастырылды. Осындай шаралар Антальядағы жолаушыларға қатысты да қолданылуда, – деп хабарлады әуе компаниясы.
Ескерте кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.