Жаңалықтар

Көрші елдер арасында ең жоғары айыппұл Қазақстанда. Жол апаттары сонда да көп. Неге?

Көрші елдер арасында ең жоғары айыппұл Қазақстанда / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылдан бастап АЕК мөлшерінің өсуіне байланысты айыппұл көлемі де арта түсті. Оның үстіне көлік жүргізушілері желіде бір-екі ай бұрынғы айыппұлдар келіп жатқанын, әсіресе, жолақты қиған жағдайлар үшін айыппұл жиілегенін жазуда. Төмендегі материалда айыппұлдың артуы жол апатынан сақтай ма, Қазақстандағы айыппұл мөлшері көрші елдердікінен қаншалықты көп деген сұрақтарға жауап іздеп сұрап көреміз.

Склярдың сөзіндегі манипуляция

Былтырғы жылдың соңында бір топ депутат бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту керек деген ұсыныспен премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдаған. Скляр «биыл жол-көлік оқиғалары онсыз да жоғары, айыппұлды азайтсақ, жол апаттары өсіп кетуі мүмкін» деп бастаманы қолдамады.

Оның алдында Бас прокурор Берік Асылов 2024 жылы жол-көлік оқиғалары 2022 жылға қарағанда 90%-ға жоғары екенін мәлім етті. Расында да құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының дерегіне сай, былтыр жол-көлік оқиғалары күрт артқан. 2024 жылы 26 мыңнан астам дерек тіркелген. Бұл алдыңғы жылдардан екі есеге көп. 2023-2022 жылдары 13 мың, 2021-2020 жылдары 12 мың жол көлік оқиғасы тіркелген.

Алайда соңғы 5 жылдағы мұндай күрт өсім жүргізушілер жол ережесін жиі бұза бастағанын білдірмейді. Айтарлықтай өсім жол-көлік оқиғаларын есепке алу өлшемдерінің өзгеруіне байланысты болған. Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес, енді барлық жол апаты тіркеледі әрі жол апатынан кейін, медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да есепке алынады. Бұған дейін есепке денсаулығына зиян келгені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркеліп келген.

Екіншіден, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың сөзінше, жол-көлік апаттарының жоғары болуына негізінен автомектептердің жүргізушілерді сапасыз дайындағаны үшін жауапкершіліктен босатылғаны мен төрт және одан да көп жолағы бар, бөлгіш қоршаулармен жабдықталған жолдардың жеткіліксіздігі себеп.
Демек, Скляр айтқандай, жол апатының санына айыппұл мөлшерінің тікелей әсері расталмай тұр.

Сергектер нені түсіреді

Депутатарға берген жауабында Скляр Сергек камералары қазіргі таңда жолдағы 4 құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркейтінін айтқан:

  • белгіленген жылдамдық режимін бұзу;
  • бағдаршамның тыйым салу белгісіне жүру;
  • жол белгілерінің жолақтарын және таңбаларын бұзу;
  • рұқсат етілмеген жерге тоқтау немесе тоқтап тұру.

Көрші елдер арасында ең жоғары айыппұл Қазақстанда

Енді кейбір жиі кездесетін құқық бұзушылық бойынша Қазақстан мен көрші елдерде көзделген айыппұл мөлшерін салыстырып көрейік.

Белгіленген жылдамдық режимін бұзу

  • жылдамдықты 20 км/сағ дейін асыру: Қазақстанда – 19 660 теңге, Ресейде айыппұл есептелмейді, Қырғызстанда – 6078 тенге, Өзбекстанда – 15363 теңге.
  • жылдамдықты 40 км/сағ дейін асыру: Қазақстанда – 39 320 теңге, Ресейде – 3 698 теңге, Қырғызстанда – 18 236, Өзбекстанда – 76 816.
  • жылдамдықты 60 км/сағ дейін асыру: Қазақстанда – 78 640 теңге, Ресейде – 9 861 теңге, Қырғызстанда – 45 590 теңге, Өзбекстанда – 138 269 мың теңге.
  • жылдамдықты 60 км/сағ және одан жоғары асыру: Қазақстанда – 157 280 теңге, Ресейде – 14 792-36 982 теңге аралығы, Қырғызстанда – 91 181 теңге, Өзбекстанда – 138 269 мың теңге.

Мас күйде көлік басқару

Қазақстанда – 15 тәулікке қамап, 7 жылға куәлігінен айырады. Ресейде – 221 893 теңге айыппұл салынса, Қырғызстанда – 10 тәулікке қамап, 2 жылға куәлігінен айырады. Өзбекстанда көлікті мас күйде басқарғандарға 384 082 теңге айыппұл салынып, 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырады.

Бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту

Қазақстанда – 39 320 теңге, Ресейде – 7 396 теңге, Қырғызстанда – 30 393 теңге, Өзбекстанда –30 726 теңге.

Жол апатын азайтуда айыппұл мөлшерін арттыру жеткіліксіз – автосарапшы
Дильяр Тевахунов жол-көлік оқиғаларын төмендетуде тек қана айыппұл мөлшерін үздіксіз көбейту аздық ететінін айтады.

«Айыппұл – жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша бір ғана шара. Егер тек айыппұл мөлшерін арттырсақ, бұл халық тарапынан ашу-ызадан басқа еш нәтиже бермейді. ЖКО санын азайту үшін кешенді тәсіл қажет. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жақсартып, жол желісін жаңғырту керек, жүргізушілерді оқытудың сапасын арттыру, жүргізу мәдениетін қалыптастыру үшін ағартушылық шараларды ұйымдастыру да маңызды. Сондай-ақ бақылауды күшейтіп, жүйедегі жемқорлықты жою керек», – дейді сарапшы.

Дильяр Тевахунов жол ережесін бұзбаған жүргізушілерге сақтандыру жеңілдіктерін ұсыну сияқты ынталандыру шаралары да заңды сақтауға, жол апаттарын азайтуға көмектеседі деп санайды.