Банк пен қаржы

Үкімет пен Ұлттық банк Статилермен қандай келісімге келгенін неге жасырып отыр?

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылдың соныңда Қазақстан үкіметі мен шетелдік кәсіпкерлер арасында 14 жылға созылған, ірі халықаралық соттарда қаралған дауға нүкте қойылды. Алайда Үкімет пен Ұлттық банк «мәміле шарты – құпия» деген желеумен ағайынды Статилермен қандай шарттарда келісімге келгенін ашық жарияламады. Тек Статилердің Ұлттық қор активтеріне қойған талаптарынан бас тартқаны белгілі.

Статилер Қазақстан үкіметін неге сотқа берді?

Молдаван кәсіпкерлері Анатол мен Габриель Статилер 2000-шы жылдары Қазақстанға инвестор ретінде келген. Елдің батысындағы Боранкөл мен Толқын кен орындарында мұнай өндіруге құқығы бар «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын сатып алады. 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды.

Алайда 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы инвесторлардың Ascom Group холдингіне қарасты қос компаниясын тексеріп, олар мұнай құбырын пайдаланып 21,7 млрд теңгені заңсыз тапты, салық заңнамасын бұзды деген айып тақты. Нәтижесінде сот шешімімен инвесторлардың иелігіндегі қос компанияның мұнай өндіруге рұқсат беретін лицензиясы тоқтатылып, кейіннен «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясына басқаруға берілді.

Осы ретте әкелі-балалы кәсіпкерлер Қазақстан үкіметін «бизнесімізді тартып алды» деп айыптап, халықаралық сотқа шағым түсірді. 2013 жылы Стокгольм соты Статилердің пайдасына шешім шығарып, Қазақстанға 506 млн доллар төлеуді міндеттеген.

Кәсіпкерлердің шағымы салдарынан Қазақастанның шетелдегі бірнеше активі бұғатталған. Олардың арасында «Самұрық-Қазына» қорының KMG Kashagan B.V. компаниясындағы 4 млрд доллардың акциясы, Қазақстанның ERG компаниясындағы 40 пайыз үлесі мен Ұлттық қордың активі бар. Қашағанның акцияларын салынған шектеу 2023 жылы сот шешімімен алынып тасталды.

Ұлттық қордың қанша қаржысы бұғатталған еді?

2017 жылы Bank of New York Mellon Ұлттық қордың 22 миллиард доллар активін бұғаттады. 2018 жылы Брюссельдегі бірінші инстанция сотының шешімімен 21,5 миллиард долларға салынған шектеу алынды. Қалған 530 миллион долларды қайтару үшін Қазақстан Англияның Сауда сотына шағым түсірген. Бұқаралық ақпарат құралдары қалған қаржыға салынған тыйым 2021 жылы алынып тасталғанын жазады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қос тарап келісімге келген соң, Ұлттық қордың Швециядағы 80 млн доллар активі бұғаттан шығарылғанын мәлімдеді. KursivМedia Cүлейменовтің мәлімдемесіне дейін Ұлттық банкке ресми сауал жолдаған еді. Онда Швецияда Ұлттық қордың нақты қанша қаржысы бұғатталғанын, олар осы уақыт аралығында қаншалықты құнсызданғанын және Ұлттық қор Стати ісіне байланысты қанша шығын шеккені сұралған еді.

Алайда бас банктен келген жауапта ҰБ Статилар тарапымен келісімге келуі нәтижесінде олардың Ұлттық қор активтеріне қойылған талаптардан бас тартқаны ғана жазылған. Швециядағы Ұлттық қор активтері қайтадан Ұлттық Банкке қайтарылды. Ал даудың қандай шарттармен реттелгені «құпия болып қалады».

«Осылайша, Ұлттық Банк бұрын әртүрлі юрисдикцияларда дау шеңберінде тоқтатылған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының барлық активтері қазір толықтай ҚР Ұлттық Банкінің иелігіне қайтарылғанын растайды. Стати тарапымен болған дауды түпкілікті реттеу келісімінің нақты шарттары құпия болып қалады», – делінген жауапта.

Статилермен арадағы дауды шешуге қазынадан қанша қаржы кетті?

Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға ғана 60 млн доллар жұмсаған. «Стати ісінде» Қазақстанның мүддесін қорғаған бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 2023 жылдың қазанында Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түсті.

Сол кезде мәжілісмен Ерлан Саиров бұрынғы министр жеке фирма құрып, бюджеттің жүздеген миллион долларын жұмсады деп мәлімдеді.

«Стати жеңе береді, Қазақстан жеңіле береді. Бірақ Қазақстан жеңілген сайын бюджеттен шығындалатын ақша көбейе береді. Ол лоббилік топтарды, адвокаттарды жалдайды. Шетелдегі адвокаттар Қазақстанның ісі дұрыс емес екенін көргеннен кейін ақшаны көп сұрайды, өздері де жымқырған болуы ықтимал. Бюджеттің көптеген миллион доллары 1 адамның волюнтаризмдік шешімін қорғау үшін шетелге кете береді. Әрине, әділетсіздік болғаннан кейін, Қазақстанның жағдайы мүшкіл болды. Осыны пайдаланып, Бекетаев тәрізді азаматтар өздері де бюджеттің ақшасына қол сұғып жіберуі ықтимал», – деді Сайыров.

Ал «Ақ жол» фракциясының депутаттары Стати дауына Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдады. Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.

2024 жылдың мамырында Сенат кулуарында журналистер Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселековадан Қазақстан «Стати ісінде» қанша қаржы жоғалтқанын сұрады. Алайда вице-министр қаржы мәселесі коммерциялық құпияға жатады деп нақты жауап бермеген.

Былтыр қыркүйекте «Стати ісінде» Қазақстан мүддесін қорғаған әрі Бекетаев және Байбекпен байланысы бар саналатын компания басшысына қатысты тергеу басталды. Оны фирма басшысы Сағидолла Баймұрат «Курсив» сайтына өзі растаған еді. Қазан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Egov дерегі бойынша, компания 2010 жылы құрылған. 2023 жылдың 3 тамызында қайта тіркеуден өткен. Компания басшысы – Баймұрат Сағидолла. Құрылтайшылары ретінде Шолпан Жүрсенова, Евгений Алексеев, Айдос Балтабекұлы, Байдәулет Жанбоз көрсетілген. БАҚ бұл компанияны Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек және бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевпен байланыстырады.