2024 жылы қазақстандық компаниялардың акциясы қаншалықты өсті?
2024 жылы қазақстандық компаниялардың акциялары айтарлықтай өсті. Қазақстан қор биржасында тіркелген компаниялардың акциясы өсім көрсетіп, сәйкесінше олардың нарықтық құны да өсті.
Отандық компаниялар былтыр мынадай өсім көрсетті: Centrcredit (120,1%), Kcell (74,84%), Freedom (65,7%), Halyk (53,1%), «Қазақтелеком» (33,0%), «ҚазМұнайГаз» (26,8%), Kaspi (18,7%), және «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC компанияларының акциялары 9,0% және 2,8%-ға өсті.
Алайда 2024 жылы кейбір компаниялардың акциясы, керсінше төмендеді. Олардың ішінде KaztransOil 4,7%, ал, AirAstana 24,9%-ға дейін түсті.
Компаниялардың жағдайы
Ең алдымен банктерге келсек, олардың таза табысы жақсы өсім көрсетіп келеді. Мәселен, Ұлттық банктің 2024 жылдың 11 айындағы мәлімет бойынша БанкЦентрКедиттің таза табысы 177,1 млрд теңгені құрады. Каспи банк 481,0 млрд теңге табыс алса, еліміздегі ең үлкен банк Халықтың 11 айдағы таза табысы-793,3 млрд теңге.
2024 жылдың 9 айында «Қазмұнайгаздың» таза табысы 869 млрд теңгені құрады. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы да былтырғы жылдың 9 айында таза табысын 2 есеге арттырып, 745,6 млрд теңге табыс тапқан. Ал Kcell ұялы байланыс операторының табысы керсінше 66%-ға азайып, 8 млрд теңгені құрады. Дегенмен де оператор акция бағасының өсуі бойынша екінші орында. KEGOC компаниясы да 2024 жылдың ІІІ тоқсанында табысты айтарлықтай арттырып, 47 млрд теңге табыс тіркеді.
KaztransOil ІІІ тоқсанда 12,1 млрд теңге, ал AirAstana 2024 жылдың 9 айындағы есептілігінде таза табысы 22,6 млрд теңгеге өскенімен, бұл компаниялардың акция құны керісінше төмендеп келеді.
2024 жыл: ең қымбат компаниялар тізімі анықталды
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша IPO-ға шыққан, қор биржасында тіркелген отандық компаниялардың басым бөлігінің нарықтық құны өскен. Былтыр бірінші орынды Каспи сақтап қалды. Оның капитализациясы – 19,8 млрд доллар. Екінші орында «Қазмұнайгаз» – (17,0 млрд доллар) құраса, үштікті «Қазатомөнеркәсіп» – 10,0 млрд доллар көрсеткішпен жапты. Халық банк пен Kcell – 5,3 млрд және 1,3 млрд доллар капитализациямен бестікке кірді. Ал қалған компаниялар 1 млрд АҚШ долларынын төмен нарықтық құнға бағаланды.
Қазақстан қор нарығының өсімі ел экономикасына инвестициялар тартуға, капитал нарығын дамытуға және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етті. Акциялардың өсуі халық арасында инвестициялық сауаттылықты арттырып, ұзақ мерзімді перспективада нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуі мүмкін.