Алматы әуежайы ауа райына байланысты бірнеше рейстің уақытын ауыстырды
Жарияланды

Алматы әуежайы 8 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше өңірге бағыт алған рейстің уақытын кейінге шегерді. Бұл туралы әуежай баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы халықаралық әуежайы 2025 жылғы 8 қаңтарда қолайсыз ауа райы жағдайларына (қар жауу, тұман) байланысты кейбір ұшу рейстерінің уақыты ауыстырылғанын хабарлайды», – делінген ақпаратта.
Әуежай сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, бүгін Шымкентке, Ақтауға, Новосібірге, Шри-Ланкаға, Астана, Атырауға ұшатын рейстер кейінге қалдырылған. Ұшақтардың нақты қай уақытта ұшуы мүмкін екені көрсетілмеген.
Айта кетейік, бүгін, 8 қаңтарды Алматыда қалың қар жауып, тұман түсті. Қар еріп, жол көктайғақ бола бастады.