Лос-Анджелестің Голливуд жұлдыздары тұратын ауданында орман өрттеріне байланысты төтенше жағдай жарияланды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Лос-Анджелесте орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды / фото: CNN

Калифорния штатының билігі Лос-Анджелестегі орман өрттеріне байланысты төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы CNN хабарлады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қаланың батыс бөлігіндегі кейбір аудандарды өрт шарпығандықтан, тұрғындарға уақытша қауіпсіз жерге көшуге кеңес берілді. Лос-Анджелестің батысындағы апат аймағынан 200 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қатты жел жағдайды ушықтырып тұр.

Эвакуациялау аймағында орналасқан Пасифик-Палисейдс ауданында шамамен 30 мың адам тұрады. Жергілікті шенеуніктердің баспасөз конференциясында 10 мыңға жуық үйдің қауіп-қатер аймағында тұрғаны хабарланды. Зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ.

Голливуд жұлдыздары да қауіпті аймақта

Пасифик-Палисейдс ауданы – америкалық кино және шоу-бизнес жұлдыздары, соның ішінде Дженнифер Энистон, Брэдли Купер, Том Хэнкс, Риз Уизерспун, Адам Сэндлер және басқа да танымал тұлғалардың тұратын ауданы.

АҚШ Президенті Джо Байден қазіргі уақытта Лос-Анджелесте болғандықтан, өрт жайлы хабардар етілген. Штат пен жергілікті билікпен тұрақты байланыста. Бұл туралы CNN арнасы Ақ үйдің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз