Жаңалықтар

Мемлекет декреттік төлемді қандай жағдайда тоқтатуы мүмкін?

декреттік
Декреттегі ана немесе әке қосымша табыс таба бастаса, декреттік төлем тоқтайды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Декретте отырған аналар қосымша табыс табатын болса, декреттік төлем тоқтайды. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте вице-премьер Тамара Дүйсенова айтты.

Дүйсенова қазіргі әлеуметтік сақтандыру талаптарына сәйкес, ата-аналарға бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау көзделгенін атап өтті. Ол нормаларға сәйкес бала күтімімен айналысып отырған ата-ананың біріне оның табысының 40%-ы көлемінде төлем жүргізіледі. Алайда бұл төлем декретке шыққан адам табыс таба бастаған сәттен бастап, автоматты түрде тоқтайды.

«Егер ол адам жұмысқа шығып ақша таба бастаса, оған мемлекеттік қолдау көрсету тоқтайды. Бірақ балаға төленетін басқа да жәрдемақылар бар екенін ұмытпауымыз керек. Олар тоқтамайды. Мәселен, көпбалалы отбасылар алатын жәрдемақы тоқтамайды. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік топтарына төленетін төлем тоқтамайды», – деді Дүйсенова.

Жиында журналист бала күтіміне байланысты алатын декреттік төлемнің 150 мың теңгеден аспайтынын, қосымша табыс тапқаны үшін балаға арналған қаражатты қиып тастау қисынсыз екенін атап өтті.

Бірақ Тамара Дүйсенова декретте отырған аналар жұмысқа шықса, мемлекеттік қолдау оған басқа бағдарламалар арқылы берілетінін, бірақ оның не бағдарлама екенін және қандай көлемде қолдау көрсетілетінін нақтыламады.