Қылмыскерледен 152 млрд теңге қаражат тәркіленген. ҚМА басшысы президентке есеп берді

Жарияланды
Жанат Элиманов президент қабылдауында болды / Фото: Ақорда; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, 2024 жылы қаржы саласында анықталған қылмыстарға қатысты есеп берді.

Агенттік басшысының мәліметінше, 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар негізінде біршама жұмыстар атқарылып, көлеңкелі экономика деңгейі 1,3%-ға төмендеген.

«ҚМА 1312 қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтап, нәтижесінде 236,8 миллиард теңгенің залалын өтеді. Қылмыстық жолмен табылған 152,3 миллиард теңге кіріс тәркіленді», – деді Элиманов.

Бұдан бөлек мынадай жұмыстар атқарылған:

  • ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 20 іс, трансұлттық топпен байланысты 1 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған;
  • 42 қаржы пирамидасы жойылды;
  • алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталып, мессенджерлердегі 327 чат жабылған.

Нәтижесінде 2 миллионнан астам азаматтың ақша шығындауына тосқауыл қойылған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілердегі онлайн құмар ойынмен байланысы бар 41 арна, астыртын жұмыс істейтін 30 ойын залы, казино мен букмекерлік кеңсе әшкереленген. Солайша 11,7 мыңнан астам заңсыз онлайн-казино сайты бұғатталған.

Сонымен бірге ҚМА басшысы агенттік жұмысының негізінде 120 миллиард теңгенің негізсіз шығындалуына жол берілмегенін, ақшаны жылыстатумен айналысқан крипто айырбастау пункттері жабылғанын айтты.

«Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің қаржы барлаушылары бірлесе жүргізген арнайы операцияның қорытындысы туралы есеп берді. Оның нәтижесінде үш ауқымды «наркошоп» жабылып, 35 наркодилер ұсталды», – деп есеп берді Элиманов.

Сондай-ақ оқыңыз