Қандастарға 2025 жылы мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі?
Шетелден атамекеніне көшіп келген қандастарға және қоныс аударушыларға арнап мемлекет 9653 квота бөлді. Квотаның басым бөлігі Павлодар облысына берілген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1056 отбасы квота бойынша осы өңірге келуі мүмкін.
«Министрлік бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық», – делінген министрлік хабарламасында.
Өңірлер бөлінісінде 2025 жылы қандастарға арналған квота мынадай тәртіппен бөлінген:
- Павлодар облысы – 1 056 адам;
- Ақмола облысы – 285 адам;
- Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам;
- Абай облысы – 244 адам;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адам;
- Қостанай облысы – 150 адам
- Атырау облысы – 100 адам,
- Батыс Қазақстан облысы – 30 адам;
Ел ішінде қоныс аударушылар үшін:
- Павлодар облысы – 3 050 адам;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 адам;
- Қостанай облысы – 535 адам;
- Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам;
- Абай облысы – 255 адам;
- Ұлытау облысы – 125 адам;
- Қарағанды облысы – 38 адам.
Бұл өңірлерге көшіп барғанда адамдарға қандай төлемдер мен жеңілдіктер қарастырылған?
Қандастар мен қоныс аударушыларға берілетін квотаға сәйкес, мұндай адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетіледі. Мәселен, көшкен отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (275240 теңге ) көлемінде біржолғы субсидия беріледі. Одан бөлек 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке (58980-117960 теңге) дейін тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық төлемге субсидия көзделген.
Ал сол адамдарды жұмыспен қамтитын жұмыс берушілерге мемлекеттен 400 АЕК (1 572 800) көлемінде субсидия беріледі.
Бұдан бөлек:
- қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру көзделген.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бастап 2025 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 148 мың астам этникалық қазақ тарихи отанына оралған.