Семейде шырша безендіру кезінде құлап, жарақат алған мұғалім ауруханадан шықты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Ол мұғалім бүгін таңертең ғана ауруханадан шықты. Оның аман-сау шыққаны туралы хабар жетті. Бұл іс қазір әкімдік бақылауында. Бірінші кезектегі шаралар қабылданды. Жауапты адамдар жазаланды», – деді министр.
БАҚ өкілі депутат Жұлдыз Сүлейменованың ұсынысы бойынша мұғалімнің жарақаты өндірістік жарақат ретінде таныла ма, жоқ па соны нақтылады.
Жарақат алған мұғалімге өтемақы төлене ме?
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тиісті еңбек шартына отырған болса ғана, мұғалімнің жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылатынын айтты. Ал бұл жағдайда ұстаз басшылықтың нұсқауымен заңсыз жұмысқа тартылып отыр. Яғни ешқандай еңбек шарты жасалмаған.
«Егер ол азамат құжат негізінде жұмысқа тартылған болса, оның жарақаты өндірістік болып есептеледі. Бірақ, өкінішке қарай, бізде жұмысқа ешқандай құжатсыз тартылып жатады және еңбек шарттары сақталмайды. Бұл мәселені Еңбек инспекциясына тапсырдық. Қазір тексеріс жүріп жатыр», – деді Дүйсенова.
Еске сала кетсек, Жұлдыз Сүлейменова педагогтің жарақатын өндірістік жарақат деп тануды ұсынып, сауал жолдаған болатын.