Жаңалықтар

Франция Еурокомиссияны Илон Маскқа қарсы қатаң шара қолдануға шақырды

Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Стьоре де Масктің саясатқа араласуына алаңдаушылық білдірген /фото: KursivMedia мұрағаты

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Еуропалық комиссияны америкалық миллиардер Илан Маскқа қатысты қатаң шара қолдануға шақырды.

Reuters хабарлауынша, Жан-Ноэль Барро Еуропалық комиссияның қолданыстағы заңнаманы әлдеқайда қатал түрде пайдалануы тиіс екенін айтқан.

«Еуропалық комиссия біздің бірегей кеңістігімізді қорғайтын заңдарды барынша қатаң қолдансын немесе қолданбасын. Онда мұны істеу қабілетін Еуропа Одағына мүше елдерге – Францияға қайтарып беру туралы ойлануы тиіс», – деді ол.

Бұдан біраз уақыт бұрын Франция президенті Эммануэль Макрон атын атап, түсін түстемесе де, Масктің Еуропа саясатына араласқанын тұспалдап жеткізген.

«Бұдан он жыл бұрын әлемдегі ең ірі әлеуметтік желінің қожайыны жаңа халықаралық реакциялық қозғалысты қолдап, сайлауға тікелей араласады деп кім ойлаған. Атап айтқанда, Германияда өтіп жатқан сайлауға», – деген еді Макрон.

Сонымен қатар Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Стьоре де Масктің саясатқа араласуына алаңдаушылық білдірген.

Германия үкіметі де Илон Масктің елдегі сайлауға араласу әрекетін айыптады. Неміс үкіметінің спикері Кристиан Хоффман: «Масктің сөз бостандығына құқы бар, бірақ оның тұжырымдарына күдігім бар», – деп мәлімдеген болатын.

Мұның алдында Илон Маск Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді «демократияға қарсы тиран» деп атаған еді. Канцлер Олаф Шольцті «ақымақ» деп те масқаралады.

Forbes мәліметінше, Американың ең дәулетті адамдарының тізімінде Илан Маск көш бастап тұр.