Қырғызстанда енді автокөлікке салық салынбайды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында президент Садыр Жапаров хабарлады.
Оның айтуынша, бұған жаңа заңның күшіне енуі түрткі болып отыр. Енді қырғыздар «Жол қоры туралы» заң бойынша жанар-жағармайдың әр литрі үшін 1 сом (6 теңге 11 тиын) алым алынады.
«Мен автокөлік салығын алып тастауға тапсырма беріп, тиісті жарлыққа қол қойдым. Енді көліктерге салық салынбайды. Оның орнына 1 қаңтардан бастап көлікке құйылған жанармай мен дизельді отынның әр литрі үшін 1 сомнан алынады. Сонымен қатар 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін автокөліктерге салық төлемеген азаматтарға амнистия жариялауды тапсырдым», – деп жазды Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, салық төлемегендерің саны тым көп. Заңды және жеке тұлғалардың 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қарызы да толық кешіріледі.
Сонымен қатар Садыр Жапаров фермерді салықтан босату туралы мораторийді 2030 жылға дейін созғанын хабарлады.
Мұның алдында Қырғызстанда биыл наурыз айынан бастап мешіттегі діни қызметкерлерге жалақы төлейтінін жаздық. Садыр Жапаровтың сөзіне қарағанда, бұл қайырымдылық қорына түскен қаржыдан қарастырылмақ.