Жаңалықтар

Қазақстанда жұмысшыларға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама ашылады

Жұмысшыларға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама ашылады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама ашылады. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.

«Өнеркәсіп, энергетика, транспорт, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрлігіне кәсіпорындар, әкімдіктер және Отбасы банкімен бірге жұмысшы кадрлер үшін жеңілдетілген ипотекалық және жалға алу бағдарламасымен жұмыс істеуді тапсырамын», – деді ол.

Сондай-ақ барлық әкімдіктерге мамандықтар атласын құрастыру жайлы айтты.

«Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Болашақ машықтар мен біліктілікті болжау үшін барлық әкімдіктерге аймақтық мамандықтар атласын құрастыруды тапсырамын. Әзірге тек 9 өңірде ғана ондай құжат бар», – деді Бектенов.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді.

Президент бұл бастаманы қыркүйек айында өзінің халыққа жолдауында айтып, кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың маңыздылығына тоқталып өтті.