«ҚазМұнайГаз» болгариялық зауытты сатып алмақшы – Bloomberg
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ресейлік «Лукойлға» тиесілі болгарлық мұнай өңдеуші зауытты сатып алудан үмітті. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасап Bloomberg хабарлайды.
«ҚазМұнайГаз» сатып алуға ниеттеніп отырған Litasco SA зауыты Болгарияның Бургас қаласында орналасқан. Оның басты акционері – «Лукойл» компаниясы. Оларға зауытты сатып алу туралы бірнеше компаниядан ұсыныс түскен. Соның ішінде венгерлік Mol Nyrt компаниясы және қазақстандық кәсіпорын да бар.
Мәміле құны 1 млрд доллар деп бағаланып отыр. Зауытты сатушы ресейлік компания болғанымен, қаражат Ресейге аударылып кетпеуі керек. Бұл келісімнің басты шарты дейді дереккөздер. «ҚазМұнайГаз» сатып алған жағдайда қаржыландыру тәуелсіз халықаралық мұнай трейдері Vitol Group арқылы өтеді.
Әзірге «ҚазМұнайГаз», Лукойл және Болгарияның энергетика министрлігі бұл туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. KursivMedia отандық компания өкілдеріне сұрау жіберді.
Bloomberg жазуынша, 2023 жылы Болгария ресейлік мұнайдың импортына тыйым салған еді. Нәтижесінде елдегі қазақстандық мұнай үлесі өсіп, 40%-ға жетті. Ал қалған бөлігі Таяу Шығыстан келеді.
Егер болгарлық үкімет «ҚазМұнайГазға» қолдау білдірсе, қазақстандық компания мұнайды ең жақсы жағдайда және уақытылы жеткізіп тұруға уәде етіп отыр. Ол дегеніміз ресейлік компанияларға санкция салынса да, болгарлық зауыт шикізаттан тапшылық көрмей, толыққанды жұмыс істеп тұрады.