Bank of America сарапшылары Tesla акцияларының рейтингін төмендетті

Жарияланды
Bank of America сарапшылары Tesla акцияларының рейтингін төмендетті/Фото: Reuters

Bank of America сарапшыcы Джон Мерфи Tesla акцияларының рейтингін нейтралды деңгейге дейін төмендетті. Бұған дейін Tesla құнды қағаздары Buy деген деңгейде еді, яғни компанияға инвестиця салуға кеңес берілген статус. Ал қазір ол Neutral деген көрсеткішке түсті. Бұл нарық қатысушыларына компания акцияларын сатып алуды тоқтата тұрыңыз деген белгі.

Рейтингі төмендегеннен кейін компания акциялары 7 қаңтарда 4,8%-ға немесе 391,2 долларға дейін төмендеді. Tesla акциялары жайлы ақпаратты Қазақстандық қор биржасының Kase Global тізімінен көруге болады. Қазір акцияның бағасы – 4,53%-ға төмендеп, орташа бағасы 442,61 долларды құрап отыр.

Tesla құнды қағаздарының рейтингі неге түсті?

Қазір қытайлық өндірушілер тарапынан бәсеке күшейіп жатыр. Америкалық банк сарапшылары бәсекелестіктің артуы, электромобильдерге деген сұраныстың төмен болуына байланысты Tesla болашақта тәуекелдермен бетпе-бет келуі мүмкін екенін айтады.

Бірақ жағдайдың аяқ асты өзгеріп кетуі де ғажап емес. Компания  эконом режимдегі Model 2 электрокары және роботаксилер деген екі модельді сатылымға шығармақшы. Бұл жағдай Teslа-ның қайта өсімі үшін драйвер болуы керек.

Сарапшылардың барлығы бірдей Tesla-ны теріс бағалап отырған жоқ. New Street Research қызметкері Пьер Феррагу компанияның құнды қағаздары болашақта өседі деген болжам жасады. Енді инвесторларға компания акцияларын сатып алуға кеңес береді. Ол жоғарыда айтқан жаңа модельдердің сатылымы Tesla бизнесін кеңейте түседі деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз