«Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек» – Президент Қазақстанда үш АЭС салынатынын айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Президент Қазақстанда үш АЭС салынатынын айтты/ фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Үкімет мүшелеріне атом электр станциясы жобасын жеделдету керек деп тағы да ескертті. Бүгін,8 қаңтарда, Тоқаев EXPO қалашығында орналасқан жобалық кеңсе қызметімен танысты. Сол кезде алдағы жоба-жоспар жөнінде айтқан.

Қазақстанда бір емес, үш АЭС салынуы әбден мүмкін.

– Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек, – деді Президент.

Тоқаев министрлер мен әкімдер орталық нұсқаған реформаларды ақсатпауы керек екенін ескертті.

– Алдымызда тұрған мақсаттар өте маңызды. Ең бастысы, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын мұқият бақылауда ұстау қажет. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – реформалардың тиімділігін арттыру, – деген мемлекет басшысы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған Дархан Сатыбалды жұмыс барысын қадағалайтынын жеткізді.

Президент өзінің бастамаларын Үкімет жедел іске асырып отыруы керек екенін айтты. Жоба-жоспар нақты нәтижеге негізделуі керек екенін ескертті.

– Министрлер де, әкімдер де  батыл шешім қабылдауға дайын болуға тиіс. Мен осыған дейін Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер бойынша барынша дербес шешім қабылдануға тиіс. Нақты нәтижелерді талап етемін, – деді Тоқаев.

Қазақстан үкіметі АЭС салуға қанша ақаражат кететінін әлі күнге ашық айтқан жоқ. Сала мамандары қуаттылығы зор нысандарды салуға 12 млрд АҚШ доллары жұмсалуы мүмкін екенін қаперге салды.

Сондай-ақ оқыңыз