Өзбекстанға барған автокөлік иелеріне ақы төлеудің қажеті жоқ – Көлік министрлігі
Көлік министрлігі Өзбекстан аумағына кіргенде, автокөлік иелеріне ақы төлеудің қажеті жоқ екенін ескертті. Бұған дейін әлеуметтік желіде Өзбекстанның аумағына кірген қазақстандық тасымалдаушылар арнайы алым төлеуі тиіс екені туралы ақпарат тараған. Ведомство әдеттегіндей ақылы жолдар үшін ғана бекеттер төлем қабылдайтынын қаперге салды.
«Тасымалдаушылар тек ақылы жолдарды пайдаланғаны үшін ғана төлем жасауға міндетті. Бұдан басқа ешқандай алым төлеудің қажеті жоқ», – деп хабарлады министрлік.
Одан басқа үстемеақы алынатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«2007 жылғы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Өзбекстан Республикасының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiміне сәйкес тараптардың тасымалдаушылары алым төлеуден босатылған», – деп мәлімдеді ведомство.
2021 жылы «Қазавтожол» ҰК Шымкент – Өзбекстан шекарасы мен Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы автокөлік жолдары ақылы болатынын хабарлады.